Қазақ мұнайы тасымалданатын станцияға жасалған шабуылдан Қазақстанға қауіп бар ма

Сымбат Сатыбалдина

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев КҚК станциясына дрондармен шабуыл жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

МИНИСТР НЕ ДЕДІ

Министр мұнай өндіру азаяды деген қауіп жоғын айтты. 

- Бұған дейін айтып өткенімдей, бұл станцияның транзиттік режимде өтуіне қатысты техникалық шешімдер қабылданды. Қазақстан мұнайының тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ететін тиісті қоспалардың қосымша көлемі сатып алынды. Қазіргі уақытта ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға бұған дейін дронмен шабуыл жасалған болатын. Ақпаратты энергетика министрлігі таратты. Олардың айтуынша, шабуыл жасалағанын КҚК-да растады.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" ЖЗҚ мұнай тасымалдау объектісі БПЛА шабуылына ұшыраған. Жарылғыш заттардан басқа метал зақымдайтын элементтермен толтырылған жеті ұшқышсыз ұшақ террористік шабуыл жасаған. Шабуыл объектінің жұмысын бұзып қана қоймай, станцияның жедел қызметкерлерін өлтіру мақсатында уақыт аралығымен жасалды.

Украина қарулы күштері Ресей аумағындағы стратегиялық нысандарға соққы бергенін ресми түрде растады.

РЕСЕЙ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАДЫ

Ресейдің тергеу комитеті Украина қорғаныс министрлігінің арнайы қызметінің, қорғаныс министрлігінің және басқа да әскери құрылымдардың әскери қызметшілеріне қарсы іс қозғаған. Олар Украинаның бақылауындағы аумақта және қылмыстық бұйрықтарды орындай отырып, азаматтық инфрақұрылым объектілері бойынша ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып шабуыл жасады деп айыптады.