Маңғыстау әкімдігі 102 млн теңгеге жеті қымбат көлік сатып алмақ

Сымбат Сатыбалдина

Мемлекеттік сатып алулар сайтында Маңғыстау облысы әкімдігі әкімшілігі жалпы құны шамамен 102 миллион теңгеге жеті кроссовер сатып алатыны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia.kz коллажы

МӘН-ЖАЙ

Lada.kz мәліметінше, мемлекеттік сатып алу сайтында «Маңғыстау облысы әкімдігінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі көлік құралдарын сатып алуға конкурс жариялағаны туралы хабарланды. Бір хабарландыруда екі лот көрсетілген: біріншісінде 18 990 000 теңгеге бір автокөлік сатып алу қарастырылған, екіншісінде 83 340 000 теңгеге (біреуі 13 890 000) алты автокөлік сатып алу қарастырылған.

Ол үшін бюджеттен 102 миллион 330 мың теңге бөлінбек. 

Конкурсқа қатысуға өтініштер 24 ақпаннан бастап 3 наурызға дейін қабылданады. 

Берілген техникалық сипаттамалардағы ақпарат бойынша, ең қолайлы көлік – Hyundai Santa Fe 2.5 GDI+MPI AT 4WD High-Tech болып отыр. Айта кетейік, бұл әзірге болжам бойынша алынуы мүмкін автокөлік маркалары. 

ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ

Еске салайық, президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет шығындарына қатысты пікір білдірген болатын. 

- Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, деген еді Тоқаев.