Семейде қатарластарынан итше таяқ жеген балаға халық 24 млн теңге жинап берді

Сымбат Сатыбалдина

Семейде аяусыз соққыға жығылған балаға халық 24 млн теңге жинап берді. Бұл туралы Абай облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

БАСПАНА АЛУ 

Эльзира Жүнісованың сөзінше, Абай облысында кхалық жинап берген қаражатқа баспана сатып алу мәселесі ашық өтеді. Жүнісова толық медициналық тексеруден өткен балаға қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, отбасыға құқықтық көмек беру мәселесі де қолға алынған.

- Бүгін көпшіліктің қолдауымен отбасының жақын туысының есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға жұмсалады. Қаржының ашық әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, адвокат және қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірлескен арнайы комиссия құрылып жатыр. Отбасыға көмек көрсету жұмыстары ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның зор қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу процесі барынша жариялы түрде өтетін болады, дейді өңірдегі  бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Сонымен қатар, ол отбасының барша қазақстандықтарға білдірген шынайы алғысын жеткізді.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Еске салсақ, Семейде аса қатыгездікпен жасалған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 24 ақпанда әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің баланы жерге құлатып, тепкілеп, оның басынан теуіп, үстіне секіріп, түрлі жолмен қорлаған видеосы тарады.

Абай облысының полиция департаменті оқушыны соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ оқиғаны ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Барлық қатысушылар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген, ал зардап шеккен жасөспірімге қажетті көмек көрсетілген.