Жағдай анықталғанға дейін шахтадағы кен өндіру жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Казхром» компаниясының мәліметінше, Дон тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасындағы өндірістік блокта бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде ауа ортасының қысқа мерзімді тұтануы орын алды.
«Оқиға салдарынан төрт жұмысшы түрлі дәрежедегі күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті барлық медициналық көмек көрсетілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып, себептері жойылғанға дейін шахтадағы өндіру жұмыстары уақытша тоқтатылды», – деп хабарлады «Қазхром» компаниясы.
ERG
Еуразиялық «үштіктің» – Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтың империясындағы нағыз «інжу-маржан» болып саналатын «Қазхром» ТНК» АҚ Қазақстандағы ең ірі тау-кен және металлургия кәсіпорындарын біріктіреді. Олардың қатарында Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары мен Дон тау-кен байыту комбинаты бар.
Аталған компаниялар тобын бұрын біз зерттеген едік. Eurasian Resources Group (ERG) активтері туралы мәліметтерді жинаған кезде байқағанымыз: еліміздегі негізгі стратегиялық нысандар осы үштіктің уысында екен. Алюминий өндіру, хром, темір, көмір өндіру, т.б. маңызды өнеркәсіп осылардың ашқа алақанында, жұмса жұдырығында болып шықты. Бұл – еліміздің басты байлығы деген сөз. Бір таңқаларлығы, бұл адамдар Қазақстан азаматы да емес. Сонда қалай болғаны? Мұның жауабын «Ескі Қазақстан» «оқулығының» парақтарынан іздеу керек.