Астана әкмідігі қаладағы автотұрақтар кеңістігін толық бақылауына алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨТЕБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Кулуарда журналистердің сұрақтарына жауап берген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев бұдан былай қалада автотұрақ мәселесімен 100% мемлекеттік мекеме айналысатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, елорда өсіп бара жатқан соң тұрақ саны да көбейеді.
Қаладағы тұрғын үйлер мен саябақ алдындағы ақылы автотұрақтар алынып тастала ма, тастамай ма әзірге нақты айта алмаймын. Меніңше дұрыс деп есептеймін. Қазір ол үй иелері үшін автотұрақ тегін. Үйі барларға өз атына тіркелген көліктерге тұрақ тегін, бірақ, үйге келген басқа адамдарға ақылы болады, – дейді Ерсін Өтебаев.
АЙМАҒАМБЕТОВ НЕГЕ СЫНАДЫ
Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Астанадағы көптеген әлеуметтік маңызы бар жерде ақылы автотұрақтардың енгізілуі, әсіресе Ботаникалық бақ сияқты орындарда, қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырғанын мәлім еткен еді. Мәжілісменннің сөзінше, ақылы тұрақтар көк сызықтармен белгіленеді, ал тұрақтың бір сағаттық құны 100 теңгені құрайды. Егер жүргізуші белгі немесе таңбаны байқамаса, ол шамамен 5000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін.