Марқұм болған әкесінің қырқын, жүзін, жетісі мен жылын өткізбейтінін айтқан ер адам желіде дау тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ЖОРАЛҒЫЛАР БОЛМАЙДЫ”
- Барша жамағатқа хабарлаймын, әкемнің жүзі, жылы, қырқы деген секілді кәделері болмайды. Бата, дұға оқи алмадық деген жамағатқа айтарым, жақсылап дәрет алып, өз шаңырақтарыңызда немесе мешітте бізге оқылатын дұғаны оқып, алақандарыңызды жайып, сауабын марқұмның рухына бағыштаңыздар, дейді видеодағы ер адам.
ПІКІРЛЕР
Видеоны көрген желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген. Бірі видео авторын қолдаса, енді бірі ертеден келе жатқан ғұрыптарды ұстану керегін айтады:
- Марқұм болған адамға тек дұға керек. Садақа, дүние керек емес! Оның бәрін тірі кезінде жасау керек.
- Дамып кеткен ағылшындардың өзі, жапонияның өзі жабайы болсада ата бабасын сыйлап дәстүрін сақтайды.
- Негізі дұрыс, тоқ адамға 400, 500 адамға тамақ бергенше жетім, жесірге таратқан жақсы. Үйінде жақындарымен дұға құран оқиды ғой. Адамдар келіп тек көңіл айтып кетседе жетеді.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ
Мәйіт жер қойнауына тапсырылғаннан соң жеті күн бойы періштелер тарапынан сұраққа алынады екен. Сондықтан да сахабалар сол күндері мархұмның атынан ас берілуін ұнамды әрекет ретінде санаған. Осыған орай, қазақ ұлтында дәстүр боп қалыптасқан «жетісін беру», «қырқын беру» атауымен белгілі рәсімдердің де түп-төркіні ислами деректерге сүйенеді деуге негіз бар.