Кейінгі бірнеше күн бойы елімізде ауа райы күрт бұзылып, жолдар жабылып жатыр. Абай облысында құтқарушылар медициналық көмекке мұқтаж адамды ауруханаға жеткізіп, 100 адамы бар 5 жолаушылар автобусын қар құрсауынан шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Кеше түнде Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы автожолының жабылуы себепті Абай облысының аумағында құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған 100 жолаушысы бар 5 автобусты Аягөз қаласының уақытша орналастыру пунктіне жеткізді. Жолаушылар арасында 18 бала болды. Адамдардың ешқайсы медициналық көмекке жүгінген жоқ.
Кеше түс ауа Абай облысы, Аягөз ауданының Мыңбұлақ ауылында науқас әйел ауруханаға жете алмай құтқару қызметін шақыруға мәжбүр болды. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жол талғамайтын арнайы көлікпен 70 км жол жүріп, науқасты аудандық ауруханаға жеткізді.
Төтенше жағдай қызметкерлері ел тұрғындарына көмек қажет болса 112 нөміріне қоңырау шалуды ескертеді.