Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуінің халық өміріне әсері жайлы зерттеудің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет отырысына онлайн режимде қосылған Арман Шаққалиев нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды деп мәлімдеді.
Өңірлерде талқылау барысында депутаттары жұмыс кестесін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландырып жатыр. Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданында – Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Самар ауданы тұрғындарының жұмыс кестесі таңғы сегізден кешкі бес жарымға дейін өзгертілді, – деді Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, Шығыс Қазақстандағы мұндай өзгерістер халыққа қолайлы жағдай жасауға, кәсіби және жеке өмірдегі тиімділікті арттыруға бағытталған. Осындай тәжірибені бірлесіп, басқа өңірлерде қолдануға мүмкіндік беріледі дейді ол.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Бұған дейінгі сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ойын айтқан еді. Тоқаев нақты ұсыныстар әзірленгенін айтады. Парламент пен үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімді.
Бұған дейін Қазақстанда уақыт белдеуі әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны хабарланған. Министр бұл өтінім үш жылдық бюджетке арналып отырғанын, бірақ іс жүзінде кемі жартысына, шамамен 90-100 миллион теңгеге дейін кемитінін айтқан. Ал DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнамаға сай, қазақстандықтардың жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы
ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген. Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.