Қазақстанда көпбалалы аналарға мемлекеттен қанша сома тиесілі

Сымбат Сатыбалдина

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда көпбалалы аналарға мемлекеттен қанша сома тиесілі екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ЖӘРДЕМАҚЫ

2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 848,6 мың отбасы жалпы сомасы 99,9 млрд теңгеге, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 606,9 мың отбасы 86,9 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 241,8 мың адам 13 млрд теңгеге қамтылды.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

НАГРАДТАЛҒАН АНАЛАР

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

  • «Күміс алқамен» наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге
  • «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқанын атап өтеміз.