Лудомания мен мемлекеттік қызмет: Ойынқұмарларға жол жабыла ма

Аян Өрібай

Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділік мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Туризм вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, елде 350 мыңға жуық азамат жүйелі түрде (екі және одан да көп рет) құмар ойын ойнайды. Бірақ бұл олардың барлығы лудоман дегенді білдірмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен зерттеулерімізге сәйкес, 36 мың адамның құмар ойындарға тәуелді екені ресми түрде расталды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жүйелі түрде ойнайтындардың шамамен 10%-ы құмар ойындарға тәуелді. Бұл тенденция көптеген елдерде кездеседі, бізде де жағдай ұқсас. Ал 350 мың немесе 1 миллион лудоман бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды", – деді Еркінбаев.

Мемлекеттік қызметке түсу алдында лудоманияға тест тапсыру міндетті бола ма?

Жуырда қоғамда мемлекеттік қызметке қабылданар алдында құмар ойындарға тәуелділікке тест енгізу туралы пікірталас өрбіді. Бұл мәселе бойынша вице-министр нақты жауап берді:

Бұл сұрақты біз арнайы қарастырған жоқпыз. Оның үстіне, бұл біздің құзыретіміздегі мәселе емес. Біз мұндай процестерге қатысуға дайынбыз, бірақ тестілеу мен мемлекеттік қызметке қабылдауға қатысты шешімдерді басқа тиісті ведомстволар қабылдайды", – деді ол.

Алайда министр ойынқұмарлықтың мемлекеттік қызмет үшін қауіпті екенін баса айтты.

Құмар ойындарға әуестік адамның манипуляцияға бейім болуына әкеледі. Ал егер мемлекеттік қызметші белгілі бір сала немесе өңірдің дамуына жауапты болса, оның ойы таза, шешімі объективті болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындардан аулақ болған жөн. Бұл – олардың кәсіби әдебінің бір бөлігі", – деді Ержан Еркінбаев.

Осылайша, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға шектеу қойылуы мүмкін деген мәселе алдағы уақытта күн тәртібіне шығуы ғажап емес.