Танымал блогер Өркен Кенжебек «Айқап» подкастының кезекті шығарылымында 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты мәліметтермен бөлісті және сол кезде Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың Нұрсұлтан Назарбаевқа кіруге 14 рет сұранғаны туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Подкаст барысында Өркен Кенжебек сол кезеңде өзі жұмыс істеген «Халық сөзі» газетінде әріптестерімен бірге оқиғаға қатысты бірнеше мақала жариялағанын еске алды. Оның айтуынша, оқиғаларға құқықтық саладағы арандатушылық себеп болуы мүмкін.
АРАНДАТУШЫЛЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН
Наталья Соколова ма еді «Өзенмұнайгазда» заңгер болған әйел, бұрын АҚШ-тың әскери-теңіз әуе күштерінде жұмыс істеген. Содан «Өзенмұнайгазға» барады, қалай ол? Қандай трансфер? Сол жерге барып, бұрын алынып тасталған экологиялық коэффициент 0.9 деген бе, қателеспесем, соны қайтадан көтерген. Өзі заңгер. Жұмысшылардың есіне салып, ол коэффициентті алған себебі, оның орнына айлықтарын көтерген. Себеп болған. Адамдар келіскен. Солай арандатушылық жасап, адамдардың талап етуіне себеп болған деген фактілер шыққан сол кезде. – деп еске алады блогер.
Сонымен қатар ол қанды қақтығыcтан кейін бір жыл өткенде Жаңаөзенге барғаны, сол жерден телеарнаға сюжет әзірлегені туралы айтты.
Арандатушылар болды ғой, кейін олар сотталды. Козлов, Жанболат Мамайлар Бекет атаның басына барып, ал жаңаөзендіктер «соңына дейін қайтпаңдар» деп, өздері ұшақпен қайтып кетті, қателеспесем. Оның бәрін тексеру керек. Мен тек бір жылдан кейін бардым, ол кезде “Хабар” агенттігінде жұмыс істеп жүрген едім. Бір жылдан кейінгі өзгерісті 3 минуттық сюжет қылып түсірдік, - деді Өркен Кенжебек.
НАЗАРБАЕВҚА НЕГЕ КІРЕ АЛМАДЫ
Сондай-ақ блогер Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаевтың жағдайды ушықтырмай тезірек шешу үшін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына 14 рет сұранып, бірақ қабылданбағаны туралы деректі тілге тиек етті. Бұл ақпаратты Өркен Кенжебек сол кездегі облыс әкімінің баспасөз хатшысы Бекзат Жүсіптен естігенін айтты.
Бекзат Жүсіп деген досымыз бар, ол кезде Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың баспасөз хатшысы болған. Сол кісіден естіп алған фактіні жаздық. Ол қалай. Назарбаевтың кезінде Қырымбек Көшербаев 14 рет пе, 13 рет пе, президентке кіруге сұраныпты. Өйткені жұмысшылар 7 ай тұрды ғой алаңда. «Бізде осындай мәселе болып жатыр, шешейік» деп. Кіргізбей қойған деген секілді. Ол кезде енді Аслан Мусин көкеміз бар, ешкім білмейтін шығар ол кісіні. Біздің заманда АП-ның басшысы деген — ол страшный, айтуға келмейтін ықпал. Бүкіл БАҚ-ты сол кісі бақылады. Мүмкін Назарбаевтың тұсында сондай ақпараттық изоляция болған шығар — 14 рет кіре алмай кететіндей. Мен тек естігенімді айтып отырмын. Біз осы дүниені жазғанбыз, - деді Өркен Кенжебек.
Айта кетейік, «Айқап» подкасты - қоғамдық-саяси тақырыптарды қозғайтын жоба. Подкаст қонақтары өз саласындағы өзекті мәселелер жайлы ашық әрі еркін пікір алмасады. Подкаст авторы әрі жүргізушісі журналист, продюсер Алмас Маратұлы және Youtube продюсер Жанасыл Болатбек.