Ғимараттың төбесінде мергендер жатыр: Наурыз кезінде алматылықтар күтпеген жайтты байқады

Сырым Қаржас

Алматы қаласында Наурыз мейрамын атап өту кезінде зәулім ғимараттың төбесінде мергендер (снайпер) бақылап жатты. Желі қолданушыларының бірі оларды ұялы телефонының камерасына түсіріп алған, деп жазады Ulysmedia.kz.

Видеодан алынған кадр

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алматыда Наурызды тамашалап, демалып отырған едік. Мынадай бір жәйтті байқап қалдым. Анау ғимараттың төбесінде мылтықпен мергендер жатыр. Менің телефонымның камерасы тым жақындата алмайды, бірақ қарасаңыз көрініп тұр, - деді Tik-Tok-қа бейнежазбасын жүктеген әлеуметтік желі қолданушысы.

Бұл оқиғаға қатысты Алматы қаласының полиция департаменті жауап берді.

Алматы қаласының полиция департаменті бұқаралық мәдени, ойын-сауық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін белгіленген алгоритмдерге сәйкес түрлі шаралар көзделгенін хабарлайды.

Бұл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ықтимал қауіп-қатерге жедел әрекет етуге бағытталған стандартты шаралар. Ондағы мақсат тек азаматтарды қорғау және қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген жағдайдың алдын алу, – деп жазылған Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.