Ақпанда Қазақстандағы айырбастау пунктерінде ресейлік валютаның нетто-сатылымы теріс көрсеткішке ие болып, -12,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл жағдай ақша айырбастау пункттерінде халықтан сатып алған рубль көлемі сатылған мөлшерден асып түскенін білдіреді.
Қаңтар айында да халық қолындағы рубльден белсенді түрде арылған еді, алайда таза сұраныс сол кезде минус 9,5 млрд теңге деңгейінде болды. Ал ақпан айында бұл көрсеткіш одан да тереңдеп, 2020 жылдың басынан бері алғаш рет (соның ішінде долларлық баламада да) рекордтық төмен деңгейге түсті. Бұған негізгі себеп – ресейлік валютаның нығаюы. Ақпан айының қорытындысы бойынша, рубльдің орташа айырбастау бағамы 5,47 теңгені құрап, қаңтардағы көрсеткіштен 6%-ға жоғары болды, – деп жазады "ПКБ".
Сонымен қатар, АҚШ долларына сұраныс едәуір өскен. Айырбастау пункттеріндегі доллардың нетто-сатылымы 175 млрд теңгеге жетіп, қаңтар айымен салыстырғанда 45%-ға артқан.
Айта кетейік, 2023 жылдың күзіне қарай Қазақстанда қолма-қол рубльге сұраныс айтарлықтай өсіп, жаз айларынан бері ең жоғары деңгейге жеткені хабарланған болатын.