Эколог Сәкен Ділдахметтің айтуынша, киіктер елдегі орман өрттерінің алдын алуға көмектесе алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ділдахметтің сөзінше, киіктер өрттің жылдам таралуына себеп болатын қураған шөптерді жеп жояды. Ал алыс қашықтықтарға еркін қозғалу қабілетінің арқасында мұндай тазартылған аумақтар ел аумағында көбірек болады.
Сондай-ақ, қураған өсімдіктерді жиі жайып жеу — жаңа, жас шөптің көктеуін ынталандырады және өсімдік қалдықтарының жиналуына жол бермейді. Киіктер көші-қон барысында түрлі өсімдіктердің тұқымын да таратып жүреді.
Өрттің алдын алу үшін салынатын қымбат техникалық жобалар — мысалы, өртке қарсы жолақтар жасау немесе жасанды өртеу сияқты тәсілдерден гөрі, табиғи жайылым экожүйелерін киіктер арқылы сақтау әлдеқайда тұрақты әрі экономикалық жағынан тиімді шешім болмақ, — деп ұсынды эколог.
2024 жылдың ақпанында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 1 қыркүйектен бастап киіктерге әуесқой аңшылық жасауға рұқсат берілетінін хабарлаған болатын. Алайда бұл шешім кейін президент тарапынан кері қайтарылды. 2025 жылғы наурызда Нысанбаев киіктерді атуға қайта рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатқанын, қазіргі таңда бұл тақырып мамандар талқысында екенін мәлімдеді.