Қазақстанда ұлттық спорт түрлеріне 13 млрд бөлінген: ақша қалай жұмсалды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы үш жылда Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін дамытуға мемлекеттік бюджеттен 13 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл туралы мəжіліс отырысында сөз сөйлеген туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АҚША ҚАЙДА БӨЛІНЖІ

Серік Жарасбаевтың айтуынша, қаржыландыру мынадай көлемде жүргізілген:

2023 жылы ұлттық және ат спорты түрлерінің орталығына 2,28 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 1,5 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 780 млн теңге – республикалық бюджеттен бағытталған. 2024 жылы бұл сома 4,7 млрд теңгеге дейін артты. Оның 3,1 млрд теңгесі – жергілікті, ал 1,6 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен берілген.

2025 жылы ұлттық спортқа 6 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Оның ішінде 4,8 млрд теңге – жергілікті, ал 1,2 млрд теңге – республикалық бюджет есебінен болады.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 11 ұлттық спорт түрі ресми тіркелген:

Асық ату – дәлдік пен стратегия элементтері бар дәстүрлі балалар ойыны;

Аударыспақ – ат үстіндегі күрес, шабандоздар бір-бірін аттан түсіруге тырысады;

Бәйге – аттардың төзімділігін сынайтын ұзақ қашықтыққа жарыс;

Дəстүрлі садақ ату – қазақ стиліндегі садақпен ату;

Жамбы ату – ат үстінде шаба отырып нысана көздеу;

Жекпе-жек – қазақтың ұлттық жекпе-жегі, аралас жекпе-жекке ұқсас;

Көкпар – серкенің терісін тартысатын ат үстіндегі командалық ойын;

Қазақ күресі – дәстүрлі күрес түрі;

Қыранмен аң аулау – бүркіт және басқа да жыртқыш құстармен аңшылық жасау;

Теңге ілу – шауып келе жатып жерден теңге немесе шүберек ілу;

Тоғызқұмалақ – манкалаға ұқсас стратегиялық үстел ойыны.

ҰЛТТЫҚ СПОРТПЕН ҚАНША АДАМ АЙНАЛЫСАДЫ

Жарасбаевтың мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысатындар саны 660 мың адамға жеткен. Бұл – дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысатын жалпы халықтың 9,6 пайызы.

Олармен 1700 штаттық жаттықтырушы жұмыс істейді, оның 1000-ы ауылдық жерлерде қызмет атқарып жүр.