Екі шарт бар: Қазақстанда баспана кезегіне тұру ережесі өзгереді

Сырым Қаржас
Kapital

2025 жылы 24 мамырдан бастап Қазақстанда тұрғын үй қатынастарына қатысты жаңа заң күшіне енеді. Бұл құжат мұқтаж азаматтарды есепке алу мен мемлекеттік тұрғын үйді бөлу ережесін түбегейлі өзгертеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң шектеулі санаттар тізімін жойып, еліміздің барлық азаматтарына тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндік береді. Басты жаңалықтардың бірі – мұқтаж азаматтарды алты санатқа бөлудің күшін жою.

"Бірыңғай терезе" – Отбасы банк

Енді тұрғын үй кезегіне қою, бөлу және мониториң жүргізу рәсімдерінің барлығы Отбасы банк арқылы атқарылады. Банк бірыңғай операторға айналады. Қазірдің өзінде бұл қаржы ұйымы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ұсынып, жалдау ақысын субсидиялап отыр. Енді оның функциялары одан әрі кеңейеді.

Алдағы алты айлық өтпелі кезеңде Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың дерекқорларын толық қабылдап алады. Осыдан кейін азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейін анықтау және талаптарға сай келмейтіндерді тізімнен шығару үшін ауқымды түгендеу жұмысы жүргізіледі.

Кезекке тұру шарттары

Енді кез келген қазақстандық азамат мамандығына не әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, мына екі шарттың біріне сай болса, тұрғын үй кезегіне тұра алады:

  • Соңғы бес жылда меншігінде тұрғын үйдің болмауы;

  • Немесе ресми түрде апатты деп танылған үйде тұруы.