Ресей депутаты Қазақстан мен Ресейдің арасына «қабырға тұрғызу» бастамасы жөнінде айтты

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Михаил Матвеев Орталық Азиямен араға «қабырға» тұрғызу жөніндегі мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, Орталық Азия елдері Қырымды мойындамаған, жыл сайын НАТО мүшелерімен бірлескен жаттығулар өткізеді, ал олардың аумақтарында АҚШ-тың биозертханалары жұмыс істеп тұр.

Мен Орталық Азиямен араға қабырға туралы айтқанда, бұл сөзді көбіне астарлы мағынада қолданамын. Өйткені Қазақстанмен шекараға қабырға салу – ұзындығына байланысты АҚШ пен Мексика арасындағы қабырға құрылысына кеткен шығыннан кем түспеуі, тіпті асып түсуі мүмкін. Бірақ ең бастысы – қазір бұл қабырғаны тікелей де, астарлы мағынада да ешкім салғызбайды. Ресей басшылығының посткеңестік кеңістіктегі елдерге қатысты геосаяси ұстанымы – бұл мемлекеттерге түрлі экономикалық жеңілдіктер беру арқылы ықпал ету. Мысалы, энергия тасымалдаушыларға жеңілдік, табыс табуға арналған арнайы форматтар, артық жұмыс күшін Ресейге жіберіп, сол жақта еңбек ету, одан тапқан табысын елге аудару мүмкіндігі. Бұл – кейбір Орталық Азия елдерінде ЖІӨ-нің 50 пайызынан астамын құрайтын маңызды фактор. Менің ойымша, бұл онша тиімді схема емес, бірақ шешім қабылдайтын адамдардың санасында осы тәсілді бұзу – мүмкін емес нәрсе, – деп келтіреді Матвеевтің сөзін gazeta.ru.

Контекст

Бұл пікірталас Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарас қайшылығынан туған еді. БҰҰ жарғысына сілтеме жасаған Лавров белгілі бір аумақта тұрып жатқан халықтардың «өзін-өзі анықтау» құқығын “еске салған” болатын. Бұл мәлімдемеден кей сарапшылар Солтүстік Қазақстанға жасырын меңзеу байқалғанын алға тартты. Олардың айтуынша, Ресей бұл аймаққа деген бейресми таласты 1990-жылдары-ақ білдіре бастаған. Яғни Қырым тақырыбы қозғала бастаған уақытпен шамалас.