Астана маңында жол апатына ұшыраған жас футболшылардың жағдайы қалай

Сырым Қаржас
полиция департаменті

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Астананың маңында жол апатына ұшыраған жас футболшылардың жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, балалар Ерейментау аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.

– Бір бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Оны облыстық нейрохирург қарап, симптоматикалық ем тағайындалды. Тағы алты кәмелетке толмаған бала жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттармен хирургия бөлімінде болды. Жарақат алмаған тоғыз бала уақытша аурухананың стационарына орналастырылды. Қазіргі уақытта 15 баланы ата-аналары Павлодарға алып кетті, ал соңғы бір бала жансақтау бөлімінде қалды, – деді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жол апаты салдарынан 1990 жылы туған команда бапкері Әлібек Жүсіпов қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, ол шағын автобустың салонында қалып қойған.

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ЖОЛ АПАТЫ ТУРАЛЫ

Ақмола облысында Павлодардан шыққан балалар футбол командасы жол апатына ұшырады. Оқиға 18 сәуір күні "Астана – Ерейментау – Шідерті" тасжолында болды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Mercedes маркалы шағын автобус жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде көлікті аударып алған.

Автобуста 14-16 жас аралығындағы 16 бала мен олардың бапкері болған. Апат салдарынан бапкер оқиға орнында көз жұмды. Балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жеке спорт мектебінің басшылығы полиция қызметкерлерін хабардар етпей, балаларды жарысқа жібергені анықталды. Осыған байланысты патрульдік көліктердің ілесіп жүруі ұйымдастырылмаған. Бұл жайт бойынша да тексеріс жүргізіліп жатыр.