Ингушетияның бұрынғы президенті Руслан Аушев 1944 жылғы ауыр оқиғаларды еске алып, Қазақстан халқына алғыс білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
23 АҚПАН – ҚАЙҒЫЛЫ ДАТА
1944 жылы 23 ақпанда Кеңес Одағының басшысы Сталиннің бұйрығымен шешен және ингуш халықтары жаппай күштеп депортацияға ұшыраған. Сол кезде "Чечевица" операциясы аясында Солтүстік Кавказдан 602 193 адам Орта Азия мен Қазақстанға жер аударылған.
Бәрі қайғыдан басталды, бірақ қуанышпен аяқталды. Бізді депортациялаған кезде қатты қайғырдық. Біз осында, Қазақстанға келдік. Қуаныш – ата-бабаларымыз мұнда бізге қол ұшын созған, достық ниет танытқан халықты кездестірді. Қазақ халқының көмегімен біз сол ауыр жылдары аман қалдық. Сол уақыттан бастап біз туыс халықтармыз. Біз достық қарым-қатынасты сақтап келеміз.
Мен өзім Қазақстанда туып-өстім, осында білім алдым. Қазақ халқына шексіз ризамын. Ең бастысы – Қазақстанда бейбітшілік сақталсын!, деді Руслан Аушев Ұлысмедиа тілшісіне берген сұхбатында.