Астанада Capital Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары бүгін жиналып, журналистер арқылы наразылығын жеткізді. Дәл осы үйдің алдында күні кеше қоқыс таситын ауыр жүк көлігі алты жастағы баланы мыжып кеткен. Жас баланың өлімі сол маңда тұратын тұрғындарды алаңдатып отыр. Себебі бір-біріне жақын, тығыз салынған көпқабатты үйлердің арасымен көліктер жүйткіп жүреді. Ал тұрғындар баласын далаға шығарудан қорқып қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Күні кеше қайғылы оқиға қаланың әл-Фараби көшесіндегі аулалардың бірінде болған. Dongfeng маркалы жүк көлігі велосипедпен жүрген 6 жасар баланы қағып кеткен. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бала ауруханаға жеткізілген, алайда алған жарақаттарының салдарынан есін жимай, көз жұмған.
Алдын ала деректер бойынша, 38 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі аулада қозғалыс кезінде маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, баланы қағып кеткен.
Полиция енді бүгін келіп, “қарастырамыз, реттейміз” дейді. Сонда міндетті түрде бала өлуі керек пе еді? Көз жұмған бала негізі көшенің арғы бетіндегі “Саранда” тұрғын үй кешенінен келген. Ол жерде 20-30 үй тұр. Бірақ бірде-бір жақсы, балаларға жайлы ойын алаңы жоқ. Ол бала бұл жаққа футбол ойнауға келді ме, білмейміз. Велосипедпен өтіп бара жатқан кезде ауыр жүк көлігі артқа жүрген. Техникалық қауіпсіздік деген атымен жоқ. Жүк көліктері камера орнатудан да ақшасын аяйды. Қазіргі заманда көлігіңе 360 градусты көрсететін камера орнатуға болады. Ол да жоқ, – дейді Данияр Кенжеғұлов атты тұрғын.
Тұрғындардың айтуынша, Capital Park тұрғын үй кешенінің алдына сервистік компания 4-5 қоқыс багын қойып қойған. Бүгін журналистер жиналатынын естіген соң екі сағат бұрын ғана онысын алып тастапты.
Негізгі проблема – мынау аулаларадың ішінде тұрған мектепке көбінесе басқа жақтан балаларын әкеледі. Екі қызымды дәл осы мектепке орналастыра алмадым. Орын болмағаннан кейін балаларым басқа мектепте оқиды. Шет жақтан келгенде көлігімен балаларын алып келеді де, кептеліс туғызады. Таңертең және кешке келсеңіз, мына жақтан көлікпен шыға алмайсыз, – дейді ол.
Тұрғындар жиналып, осы мәселе жөнінде бірнеше рет әкімдікке, полицияға хат жазған. Бірақ мәселелерін реттерлік жауап ала алмапты.
Тұрғындардың көбінің реніші – қаланың басқа жағында тіркелген ата-аналардың маңайдан тіркелетін үй тауып алып, соның атынан осындағы мектепке беретінінде. “Шын мәнінде олар алыста тұрады, көлікпен келеді де, кептеліс туғызады” дейді.
Мұнда бірде-бір шлагбаум, көлік жылдамдығын шектейтін кедергі жоқ. “Жол бер” деп көрсетіп тұратын белгіні де көрмейсіз. Сондықтан, мұның бәрі қауіпті. Біздің үйдің футбол алаңынан басқа жақтан ғана балалар кіре алады. Доп ұшып кетсе, бала артынан жүгіре кетуі мүмкін, – дейді тағы бір тұрғын.
Тұрғындардың алдына жол полициясының қызметкерлері де келген. Олар келешекте жиналған арыз-шағым бойынша мәселелерді қарастырамыз деді. Бүгін сағат 16.00-де тұрғындардың алдына әкімдіктің өкілдері де келеді деген ақпарат бар.
Ulysmedia.kz бұл мәселені назарында ұстайды.