«Шерзатты ұрған жоқпын»: Талғардағы төбелес ісінде сотталушылардан жауап алу басталды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесінде күдіктілерден жауап алу басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ҚЫСЫМ ЖАСАЛДЫ”

Сотта айыпталушы Дархан Әскентай тергеу кезінде қысым жасалғанын айтты. Ол Шерзатты боқтамағанын, соққыдан дене жарақатын алғанын айтты.  

– «Тоқтаңдар, атам, атам!» деген дауыс шықты. Сосын балаларға тақап атты мылтықты. Тұрып қалдым түсінбей. Нұрбол курткасын лақтырды. Нұрболдың артынан бара жатып едім бір бала құлап жатты. Бір бала скорый, скорый деп айқайлап жатты. Сол жерде Нұрқанат барып құлады сол жерге. Бір балалар төбелесіп жатты. Шерзаттың достары ма білмеймін. «Қойыңдар, қойыңдар» дегенде бір-екі соққы алдым. Сосын төмен түсіп кетіп қалдым, – деді Дархан Әскентай. 

Әскентай Шерзат Полатты да, Нұрқанат Ғайыпбаевты да ұрмағанын, соққыға жықпағанын айтты. Сөзінше мылтықты Нұрқанат Ғайыпбаев атқан. Дархан Әскентай өзіне тағылған айыппен келіспеді. 

Сотталушыларға тағылған айыптар: 

•    Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
•    Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу) 
•    Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)
•    Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
•    Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) 

Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

БҰҒАН ДЕЙІН

6 мамырдағы сот отырысы іс бойынша куә деп танылған Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжаннан жауап алудан басталған болатын. Ол оқиға болған күні марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алған

КУӘГЕРЛЕР

Бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді. 

Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры. 

Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. 

Сонымен қатар, Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер Бекнұр Асқарбек жауап берді. Ал Шерзат мерт болған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты. Одан бөлек, Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты. 

Шерзат Полат ісі бойынша тікелей эфирді Ұлыстың Youtube-арнасынан көре аласыздар.

Автор: Есдәулет Қызырбек