Шерзат Полаттың ісінде жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев прокурор Дана Сәрсенбайды істен шеттетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПРОКУРОРҒА ҚАРСЫЛЫҚ
Мейірман Шекеев мемлекеттік айыптаушыны істен қандай жағдайда шеттетіні жайлы қылмыстық процессуалдық кодекстің 88-бабында көрсетілгенін атап өтті.
- Яғни ол жерде нақты тізбесі көрсетілген. Қазіргі уақытта айыпталушылардың өкілдері айтып отырған нәрселер ол талаптарға сәйкес келмейді. Прокурордың эмоцияға берілуі деген сияқты деректер негіз болып саналмайды. Сондықтан сот айыпталушылардың өкілдерінің өтінішін қанағаттандырмайдыы деп ойлаймыз, дейді Шекеев.
ҚАРУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Сонымен қатар, адвокат іске қатысты қару туралы пікір білдірді.
- Қазіргі таңда айыптаушы тарап, әрине, Нұрқанат әкелді деп айтады. Ал біздің тарап оған келіспейді. Ол сот барысында анықталып, тергеліп жатыр. Сондықтан қазір мына адам алып келді деп айту ерте. Қазір бізге сұрақ қоюға әлі мүмкіндік берілген жоқ. Әскентайдың (сотталушы) өзі қаруды дүкеннен алып шықты деп айтады. Ал ішкі істер министрлігі таратқан видеода дүкенде ешқандай қару болмаған, дейді адвокат.
КАСТЕТ ТУРАЛЫ
Сонымен қатар, бүгінгі сот отырысында Дархан Әскентай Шерзат оқиға орнына кастет алып келгенін айтқан болатын. Ал бұған дейінгі тергеу барысында айыпталушы кастет туралы бірде-бір сөз қозғамаған.
- Прокурор оған (айыпталушы Дархан Әскентайға) дұрыс ескерту жасап отыр. Себебі сотта тергеу барысында анықталған мән-жайлар ғана қаралады. Ал ол бүгінгі сотқа келіп кастет туралы айтып отыр. Әрине ол заңды сұрақ. 10 рет тергеуден өткен кезде айтпай, бүгінгі сотта айтып отыр. Сот оған назар аударады деп ойламаймын. Қазірдің өзінде айыпталушы жалған сөйлеп отыр деп ойлаймыз, дейді Мейірман Шекеев.
СОТТЫҢ ШЕШІМІ
Сот прокурор Дана Сәрсенбайды істен шеттетуге қатысты өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартты.
– ҚР ҚПК 87 және 88-баптарда нақты мемлекеттік айыптаушы қатыспайтыны көрсетілген. Мұндай жағдайлар сотпен анықталған жоқ, – деді судья.
ПРОКУРОРҒА ҚАРСЫЛЫҚ
Бұған дейін Шерзат Полат ісінде сотталушылардың қорғаушылары прокурор Дана Сәрсенбайды істен шеттетуді сұрап, сотқа өтінішхат түсірген болатын. Олар жауап алу барысында прокурор айыпталушыға қысым жасады деп есептейді.
КУӘГЕРЛЕР
Бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді.
Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры.
Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
Сонымен қатар, Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер Бекнұр Асқарбек жауап берді. Ал Шерзат мерт болған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты. Одан бөлек, Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты.
Автор: Есдәулет Қызырбек
Шерзат Полат ісі бойынша тікелей эфирді Ұлыстың Youtube-арнасынан көре аласыздар.