Ақтауда полицейлер командир қоқан-лоққы көрсетіп, жұмыстан негізсіз қуады деп мәлімдеді

Сымбат Сатыбалдина
Фото: polisia.kz

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің оқу-жаттығу ротасының жеке құрамы майор Максат Айгелдиевтің әрекеттеріне байланысты ұжымдық шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Қызметкерлердің айтуынша, 2024 жылдың қарашасында Максат Айгелдиев командир қызметіне тағайындалғаннан кейін бөлімде жаппай жұмыстан босатулар, қысым көрсету және қызметтік этиканы бұзу жағдайлары басталған.

Олардың мәліметінше, үш қызметкер өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған, тағы екі адам жұмыстан шығарылу қаупінде тұр. Шағым авторларының сөзінше, жеке құрамның шамамен 80 пайызы басшылыққа заңсыз ақша жинау мен сыйлық беруден бас тартқаны үшін қудалауға ұшыраған.

Сондай-ақ, қызметкерлер лауазымға кәсіби талаптарға сай келмейтін адамдардың тағайындалғанын, сондай-ақ жиі қорлау және кемсіту жағдайлары болғанын мәлімдеді.

Қызметкерлер командирдің заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін бейнематериалдар, қаржылық құжаттар және өзге де айғақтардың бар екенін айтып отыр. Олар қызметтік тергеу жүргізуді сұрап, қызметін жалғастыруға дайын екенін, бірақ басшылықтың ауысуын талап ететінін жеткізді.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Маңғыстау облыстық полиция департаменті қызметтік тексеру тағайындалғанын хабарлады.

- Шағымда көрсетілген мәліметтерге жан-жақты баға беріледі. Тексеру барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, – делінген ресми хабарламада.