Қазақстанда алаяқтардың құрбаны болған 2,5 мың адамның кредиті кешірілді. Бұл туралы бас прокурор Берік Асыловтың депутаттарға берген жауабында жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Асыловтың жауабына сәйкес, Қазақстанда алаяқтардан зардап шеккендердің құқығын қорғау мақсатында 2024 жылы маусымда «Банктер және банк қызметі туралы» заңға қаржы ұйымдарына алаяқтық әрекеттердің себептері мен салдарын жоюға бағытталған талаптарды енгізуді көздейтін түзетулер қабылданған. Атап айтқанда:
Тергеу кезеңінде мұндай қарыздар бойынша берешекті өндіріп алу және талап-арыз жұмыстарын тоқтата тұру;
Клиенттің қатысуынсыз рәсімделген несие бойынша оның берешегін есептен шығару;
Мұндай қарыздар бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды клиентке қайтару тетіктері енгізілген.
Бұл механизм қаржы ұйымдарына кибералаяқтықтан зардап шеккен қарыз алушылардың банк несиелерін өтеу мерзімі кешіккені үшін шоттарын бұғаттауға да жол бермейді. Заңнамадағы түзетулерді орындау аясында 2,5 мыңнан астам зардап шеккен адамның жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеден асатын несиелерін өндіріп алу тоқтатылды. Сондай-ақ олардың 1,6 млрд теңгеден астам қарызы есептен шығарылды, – делінген бас прокурордың жауабында.
2024 жылдың шілдесінде Ұлттық банк жанынан қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында алаяқтық операциялар мен оған қатысы бар тұлғалар туралы ақпарат алмасуды жеделдету үшін Антифрод-орталық құрылған. Оның жұмыс істеген кезеңінде күмәнді қаржылық операциялар бойынша 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталған.