Мексикада мэрлікке үміткер Есения Лара Гутьеррес тікелей эфир барысында қастандықпен өлтірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САЯСИ ҚАСТАНДЫҚ
Бұл жөнінде CNN және AP News агенттіктері мәлімдеді. Оқиғаны Веракрус штатының билігі растады. Бұл — 1 маусымға белгіленген сайлау алдындағы бірнеше аптаның ішінде осы өңірдегі екінші саяси қастандық.
Қастандық кезінде Есениямен бірге тағы төрт адам қаза тапты, олардың арасында оның қызы да болған. Кемінде үш адам жарақат алды.
Қанды оқиға Facebook желісінде тікелей эфирде көрсетіліп жатқан қоғамдық шара кезінде орын алған, деп жазады РБК-Украина.
— Ешбір сайланған қызмет адамның өмірінен артық емес, – деді Веракрус штатының губернаторы Рокио Нале қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдіріп.
Қайғылы оқиға Тексистепек қаласында болды. Бұл шағын елді мекенде шамамен 20 мың адам тұрады, ол мұнай өнеркәсібінің стратегиялық порты саналатын Коацакоалькостан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан.