«Денесінде азаптау белгілері бар»: Көпқабатты үйден құлаған қыздың жақындары әділдікке жете алмай жүр

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

2024 жылы Алматыда көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның туыстары оның өліміне байланысты әділдікке жете алмай жүргенін айтады. Жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза болғанға дейін денесінде азаптау белгілері болған. Бірақ полиция тергеу кезінде оны іс материалдарына қоспаған.

ІС БІР БАППЕН ҒАНА ҚОЗҒАЛҒАН

Марқұм отбасының заңды өкілі Инга Иманбай іс тек бір ғана баппен қозғалғанын айтады. Оның сөзінше, прокуратура оқиға болған күні Ақнәр Гүлстанмен бірге пәтерде болған екі қызды қамауға алу туралы қаулы шығарған. Бірақ оларды полиция бір жыл өтсе де қамауға алмаған.

– Тергеу органдары [Камит] Гүлстан ханымның (марқұмның анасы) қолында бар бірде-бір дәлелді қаперге алып отырған жоқ. Іс бір ғана «өзін өзі өлтіру» бабымен қозғалған. Бірақ бүкіл дәлелдер, видео дәлелдер қыздың жетінші қабаттан құлағанға дейін ұрып-соғылғанын, азапталғанын растайды. Осы уақытқа дейін, осындай дәлелдер бола тұра неге іс бойынша азаптау бабы қосылмағаны біздің тергеу органдарына үлкен сұрақ, – дейді Инга Иманбай.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Алматы қаласы полиция департаментінің тергеушісі Ulysmedia тілшісіне іске марқұмның отбасы ұсынған дәлелдердің барлығы тіркелген деді. Бірақ іске қатысты толыққанды ақпарат бере алмайтынын айтты.

– Мен оны қазір іс бойынша телефонмен айта алмаймын. Жәбірленушілердің берген құжаттарының барлығы істе тіркелген, – деп қысқа қайырды.

ДЕНЕСІ ТІСТЕЛГЕН, ТЕПКІДЕН КӨГЕРГЕН

Гүлстан Қамит қызының мәйітін жуындырған кезде денесінде тістелген, тепкіден көгерген жерлер болды дейді. Ол Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді.

–  Қызымды жуындырған кезде бір тырнағын түбімен жұлып алған. Білектері тістелген. Тамағы тырналған. Қылқындырған із бар. Сол жақ бүйірінде тепкен із бар. Сол күні мәйітті жуындырған үлкен апа айтты: «Мына қыздың мұрыны да қисайып кеткен. Мұрыны да соққыға ұшыраған ұқсайды. Бір қолы жуындырған кезде салақтап жатты. Ол шорт сынған қолға ұқсамайды. Бұрап сындырып жіберген сияқты» деді. Жуындырған кезде шаш дегенің кәдімгідей суырылып-суырылып түсті, – дейді ол.

МАС ҚЫЗ ХАБАРЛАСҚАН

Гүлстан Қамиттің сөзінше, оқиға болған күні қызының телефонынан бейтаныс қыз мас болып хабарласқан. Ол «қызың төбелесіп жатыр, полицияға беремін» деген. Бірақ телефонды Ақнәрға беруден бас тартқан.

– Түнгі сағат 02:30-да менің вацабыма звонок келеді. Ақнәр хабарласып жатыр екен. Мен аламын телефонды, Ақнәр, Ақнәр деймін. Бір мас қыз алады. «Ақнәр мына жерде төбелесіп жатыр. Айқайлап жатыр» деген сияқты сөздер айтады. Мен айттым, ондай болса телефонды бер Ақнәрға деп. Мен өзім сөйлесейін деп. Ол қыз айтады «бермеймін телефонды. Өлсе өлсін, мен полицияға беремін» деді. Сосын артынан кейін мен де звондадым, әкесі де звондады телефон көтермеді, – дейді Гүлстан Қамит.

Ақнәр Гүлстан отбасының үлкені болған. КИМЭП университетінің түлегі. 2024 жылы 20 шілдеде Алматыдағы көпқабатты тұрғын күйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған.

Автор: Есдәулет Қызырбек