Блогер Әлібековтің көлігімен жас бала мерт болды: сотта жанжал шықты

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы облысының Іле аудандық сотында танымал блогер Бейбіт Әлібековтің көлігімен апатқа түсіп, мерт болған жігіттің ісі бойынша марқұмның туыстары мен олардың адвокаттары соттың бейтараптығына күмән келтіріп отыр. Адвокат Сәуле Қобжанова өзінің 25 жылдық тәжірибесінде алғаш рет судьяға екі рет қарсылық (отвод) жариялауға мәжбүр болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘЛІБЕКОВКЕ ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН БА

Адвокаттың айтуынша, сот процесі таңертеңнен бастап жүйесіз өткен. Сот марқұмды көлігімен қағып өлтірген жүргізуші ісі бойынша басты куәгер саналатын танымал блогер Бейбіт Әлібековті онлайн режимде тергеуге рұқсат берді. Бұл шешімге жәбірленуші тарап қарсылық танытты. Өйткені осыған дейін дәл осы сот істі тек офлайн форматта қарау туралы шешім шығарған екен.

Сот Әлібековтің Астанада екенін айтып, адвокаты түсірген онлайн жауап алу туралы өтінішті қанағаттандырған.

Сот тіпті ұзақ сапарға шығатын жүргізушілерді мысалға келтіріп, куәгердің жолда жүргенін ақтауға тырысты. Алайда адвокаттар блогердің тергеуге екі апта бұрын шақырылғанын айтып, бұл уақытта өз жоспарын өзгерте алатынын жеткізген. Олардың бұл уәждері ескерілмеген.

Жауап алу кезінде блогердің дәл сол күні Қарағандыға ұшып кеткені анықталған. Адвокат Сәуле Қобжанова оның нақты қайда екенін сұрағанда, судья оған айқайлап, тергеу жүргізіліп жатқан телефонды алып қоюды бұйырған.

АДВОКАТТАРҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛГЕН

Адвокат Сәуле Қобжанованың сөзінше, осыдан кейін адвокат Гаухар Сәлімбаева сұрақ қоюды жалғастырмақ болғанымен, сот оны да бөліп, сөйлеуіне мүмкіндік бермеген. Тіпті дауыс көтеріп, сұрақ қоюға тыйым салған көрінеді. Әріптесін қолдап сөз сөйлеген Сәуле Қобжановаға да судья айқайлап, екеуіне де қысым көрсеткен. Адвокат судья әрекетіне ресми қарсылық білдірмек болғанда, судья олардың бұған құқығы жоқ екенін айтқан. Алайда бұл ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 334-бабы, 2-бөлігіне қайшы келеді.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР СОТ ЗАЛЫНАН КЕТІП ҚАЛДЫ

Адвокаттың айтуынша, мұндай әділетсіздік сот процесі басталған күннен-ақ байқалған. Сол себепті марқұмның анасы бірінші күні сот залынан шығып кеткен. Ал бүгін оның әпкесі де сотты тастап кеткен.

Сәуле Қобжанованың сөзінше, судья куәгердің орнына жауап беруге тырысқаны да айтылған.

- Сот өзі жауап беріп отырған соң, мен тіпті куәгердің пікірін де ести алмадым. Егер адвокаттарға сұрақ қоюға мүмкіндік берілмесе, қарсылықтары қабылданбаса, сот форматы байлар мен атақтылардың ыңғайына қарай өзгертілсе, онда бұл жерде әділет іздеудің мәні қалмайды, – дейді ол.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр 29 қазанда Алматы – Астана трассасының бойындағы "Сокол" автодромында болған еді. Жас жігіт белгілі блогер Бейбіт Әлібековтың көлігімен қауіпті трюк жасамақ болып қаза тапты. 

22 жастағы блогер Батырхан Ержанов жүріп келе жатқан көліктен секіруі керек болған. Алайда Lamborghini рөлінде болған 45 жастағы Анатолий Подлипалин трюк орындау барысында Ержановты басып кеткен.

Оқиғадан кейін Батырхан Іле ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер қанша тырысқанымен 30 қазанда жас жігіт алған жарақаттарынан қайтыс болды.