Сотталушылардың бірі Шерзат Полатты ұрғанын мойындады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Шерзат Полаттың сотында сотталушы Шыңғыс Белғожаев жауап берді. Ол марқұм Шерзатты ұрғанын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Мен негізі мылтық атқан сақалды адамды ұрамын деп ойлағанмын. Бірақ кейіннен видеодан көргенде Шерзатты ұрғанымды білдім, – деді ол. 

Шыңғыс Белғожаев жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов пышық алып шыққан соң, қалтамнан бәкіні алып шығуға мәжбүр болдым деді. Ол да өзге сотталушылар сияқты оқиға болған күні мылтықты марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев атты деді.

СОТТАЛУШЫЛАР

Сотталушыларға тағылған айып: 

Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)

Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)

Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)

Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)

Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)

Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

ТАЛҒАРДАҒЫ ОҚИҒА 

16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы жараланған. Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.

Автор: Есдәулет Қызырбек