Неге Қазақстанда әлі күнге дейін өзінің Дубайы жоқ

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Қазақстанға БАӘ-дегі элиталар арасындағы сауатты бәсекелестіктен үлгі алу қажет. Мұндай пікірді мұнай өндіру саласының сарапшысы Олжас Байділдинов білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сарапшы “неге кезінде БАӘ мұнайының 90 пайызын өндіріп отырған Абу-Даби немесе Шарджа Дубай сияқты бола алмады? Неліктен Парсы шығанағындағы әлдеқайда бай елдер — Кувейт пен Катар да дәл сондай қала мен индустрия құра алмай отыр?”,  деген сұрақ қойды.

Байділдиновтың ойынша, бұл сұрақтың жауабы елдің басқару жүйесінде емес, қоғамдағы батыл бастамашыл адамдардың болу-болмауында. Ол БАӘ-дегі сияқты авторитарлы басқару жүйесінде де кейбір шешім қабылдаушылар саяси жүйеге араласпай-ақ, экономикалық дамудың балама жолдарын ұсынғанын айтады.

Мәселен, Дубай билігі туризм саласындағы сұранысты ескеріп, алкоголь саудасына рұқсат берді. Қазір бұл — елдің заңдастырылған табыс көздерінің бірі (алкоголь сату үшін алынатын салық пен лицензиялық төлемдер айтарлықтай жоғары). Басқа бір мысал — Рас-эль-Хаймада элиталар арасындағы идеялар мен мүдделер қақтығысының нәтижесінде, америкалық WYNN компаниясының әлемдегі ең ірі казиносы салынып жатыр.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан әлі де болса элиталар арасындағы ашық бәсекеге, жаңа идеяларды қолдауға дайын емес. Көп уақыт саяси ойындар мен интригаларға кетіп жатыр.

- Егер Қазақстанда да осындай ашық бәсеке мен экономикалық прагматизм орнаса, онда ұлттық экономиканың дамуына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туар еді, — деп түйіндейді Олжас Байділдинов.