Аустрия әншісі Eurovision 2025 байқауында жеңіске жетті

Сырым Қаржас
Eurovision

Швейцарияның Базель қаласында өткен Eurovision 2025 байқауының финалында Аустрия атынан қатысқан әнші JJ (Йоханнес Питч) жеңімпаз атанды. Ол Wasted Love атты әнімен топ жарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

JJ 436 ұпай жинады — кәсіби қазылар алқасынан 258 ұпай, көрермендер дауысынан 178 ұпай алды. Осылайша, Аустрия өзінің “Еуровидение” тарихындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Бұған дейін ел 1966 жылы Удо Юргенстің Merci, Chérie әнімен, ал 2014 жылы Кончита Вурсттің Rise like a Phoenix әнімен жеңіске жеткен еді.

Екінші орынды израильдік Юваль Рафаэль New Day Will Rise әнімен иеленді — ол 357 ұпай жинады. Израиль көрермендер дауысынан 297 ұпай алды, бірақ қазылар алқасынан бар болғаны 60 ұпай жинап, артта қалды.

Үшінші орын  эстониялық орындаушы Томми Кэшке бұйырды. Ол Espresso Macchiato әнімен 356 ұпай (қазылардан — 98, көрермендерден — 258) жинап, Эстония үшін 2002 жылдан бергі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ол кезде Sahlene Runaway әнімен үшінші орын алған еді.

Букмекерлердің басты фавориті саналған Швеция атынан қатысқан KAJ тобы төртінші орынмен шектелді. Олар 321 ұпай — қазылар алқасынан 126, көрермендерден 230 ұпай жинады.