"Ләззат Көккөзова қылмыскер емес" — белгілі медиаменеджер Думан Қожахметов

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қазақстандық танымал медиаменеджер, Black & White Media компаниясының бас директоры Думан Қожахметов SUCCESS K ірі ивент-агенттігінің жетекшісі Ләззат Көккөзоваға қатысты қылмыстық іс бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

КӨККӨЗОВАҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛЫП ОТЫР?

Көккөзоваға 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Бұл іс бойынша сондай-ақ мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапанов та күдікке ілінген. Бұл іске қатысты үкім 19 мамыр, дүйсенбіде шығарылады.

"ОЛ ҚЫЛМЫСКЕР ЕМЕС"

Думан Қожахметов сот процесі жарты жылға, ал тергеу бір жарым жылға созылғанын атап өтті.

– Бұл Ләззат Ержанқызы мен оның отбасы үшін өте қиын екі жыл болды. Көпшілік білетін шығар, бірақ білмесе, қайталаймын — Ләззат Ержанқызы менің өмірімдегі айырықша орны бар жан. Біз 2001 жылы таныстық. Ол кезде ол “ХХІ ғасыр көшбасшысы” жобасының командасымен Петропавлда жасөспірімдерді “Хабар” эфиріндегі апталық ойынға іріктеп жүрген еді. Ол — жобаның бас продюсері, “көшбасшылар” қозғалысының жүрегі мен қозғалтқышы болатын. Мен үшін, аймақтан келген бозбала ретінде, бұл эфирге іріктелу, дайындық, ойын мен кейінгі өмір — бәрі де үлкен өмірге жол ашқан сәттер болды. Сол сәттен кейін мен өзіме сеніп, үлкен қалаларда оқығым келді, бәлкім ХХІ ғасырды жақсартуға үлес қосуды армандадым. Бұл 2001 жыл еді, – дейді ол.

Қожахметов Көккөзовамен 2005 жылы бірге жұмыс істеген кезін де еске алды.

– Маған пиар департаментінде өндірістік тәжірибе қажет болды. Достарым Ләззат Ержанқызының “ҚазМұнайГаз” еншілес компанияларының бірінің баспасөз қызметін басқаратынын айтты. Біз кездесіп, ол мені диплом алдындағы тәжірибеге қабылдады. Тәжірибе аяқталғаннан кейін менің “ҚазМұнайГаз”-дағы жұмысым басталды. Оның мына сөзін ешқашан ұмытпаймын: “Қымбаттым, жұмыс істеуге тура келеді, өйткені бұл жұмыс маған емес, саған қажет”. Бұл — Ләззат Ержанқызының болмысы: талап етіп, мотивация бере біледі.

Ол өз қалтасынан диплом алғанға дейін маған стипендия тағайындады. Таңертең диплом табыстау рәсімі өтті, түстен кейін мені ресми түрде “ҚазМұнайГаз”-ға жұмысқа қабылдағаны туралы бұйрық шықты. Әрине, тест, емтихан, талаптар болды, бірақ ең бастысы — жас маманға мүмкіндік берілді. Біраз үзілістен кейін біз SUCCESS агенттігінде қайтадан бірге жұмыс істей бастадық. Бұл өте қызықты кезең болды: күрделі, жауапты жобалар мен жастарға толы уақыт еді, – деп еске алды ол.

Медиаменеджер Көккөзованы талапшыл әрі жауапкершілігі мол тұлға деп сипаттады.

– Оны кәдімгі кәсіпкер ретінде өз жұмысын істегені үшін соттап жатыр: идея тауып, ұсыныс жасап, жүзеге асырып, ақша тапты. Сірә, капитализмнің мінсіз формуласы заңсыз болып кеткен сияқты. Ләззат Ержанқызы қылмыскер емес, – деп түйіндеді ол.

АНЫҚТАМА

Еске салайық, былтыр наурыз айында мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапанов тұтқындалған еді. Осы іс бойынша Стратегиялық коммуникациялар агенттігі SUCCESS K-нің бас директоры Ләззат Көккөзова да күдікке ілінген. Бұрынғы шенеунікке ҚР ҚК 361-бабы (Лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану) бойынша, ал Көккөзоваға 189-бап (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, аса ірі көлемде) бойынша айып тағылып отыр.

Антикордың мәліметінше, Қожағапанов 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей форумын ұйымдастыру кезінде SUCCESS K агенттігімен келісімшарт жасалуына ықпал еткен. Айыптау тарапының пікірінше, форумға арналған смета екі есеге артық көрсетіліп, соның салдарынан 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы ұрланған.

 12 мамырда Ләззат Көккөзова сотта соңғы сөзін айтты.