Қазақстанда жаңа исламдық депозиттер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Alif Islamic Bank Ltd басқарушы директоры Мирлан Таймурзаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мирлан Таймурзаев Астаналық халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қолдауымен өтіп жатқан Islamic Finance and Business Forum аясында сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Alif Islamic Bank жаңа өнім дайындап жатқанын және қазақстандықтарға қаражатын ислам қағидаларына сай депозиттерде сақтау мүмкіндігі берілетінін айтты.
– Қазіргі уақытта біз өнімдер желісін кеңейтіп, соның ішінде исламдық депозиттерді әзірлеп, енгізу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Бұл – инвестициялық қаражат тартуға қатысты барлық өнімдеріміздің бір бөлігі, – деді ол.
ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Alif Islamic Bank басшысы инвестиция тартуға байланысты барлық өнім нақты мақсатқа бағытталған келісімшарттарға негізделетінін атап өтті. Яғни, клиенттер өз қаражатын қай жобаға салғысы келетінін өздері таңдай алады.
– Өз тарапымыздан банк бұл жобаның табысты болуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданады. Біз өнімнің тұжырымдамасын әзірлеп, оны тәуелсіз орган – шариғат кеңесімен келісеміз. Содан кейін осы өнімнің толық техникалық дамуына кірісеміз. Әдістеме, келісімшарттар және басқа да қажетті құжаттарды дайындаймыз, – деді Таймурзаев.
ФОРУМ ТУРАЛЫ
Бүгін, 19 мамырда, АХҚО аумағында Islamic Finance and Business Forum өтіп жатыр. Бұл форум ислам экономикасының дамуына арналған.
Форумды Қазақстанның исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы мен TIDAM коммуникациялық агенттігі АХҚО қолдауымен ұйымдастырған. Іс-шараға Қазақстан мен ТМД елдерінен 200-ден астам қатысушы жиналды.
Ислам банкингі – шариғат қағидаттарына негізделген қаржылық қызметтер жүйесі. Бұл жүйе пайыз (риба) алуға және харам саналатын қызметтерді (мысалы, құмар ойындар, алкоголь өндірісі) қаржыландыруға тыйым салады. Оның орнына серіктестік, жалға алу және сауда келісімдері қолданылады, мұнда табыс пен шығын екі тарап арасында бөлінеді.