ІІМ пранк жасайтын блогерлер қылмыстық жазаға тартылатынын ескертті

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде оқырман жинау үшін әртүрлі қойылым қоятын, заман тілімен айтқанда "пранк жасайтын" блогерлер әкімшілік жазамен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де тартылатынын ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СӘДЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттардың ресми сауалына берген жауабында осы мәселеге жеке тоқталған. 

Құқық қорғау органдарының формасын киіп, жалған қызметтік куәлік, кісен және өзге де арнаулы құралдарды пайдалану арқылы жасалған қойылымдық әрекеттер («пранктер») — мән-жайына қарай бұзақылық, билік өкілінің не мемлекеттік жауапты лауазымды тұлғаның өкілеттігін өз бетімен иелену, сондай-ақ әкімшілік не қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар өзге де әрекеттер ретінде саралануы мүмкін, – деп ескертті Сәденов.

СОТТАЛҒАН ПРАНКЕРЛЕР

Еске салайық, бұған дейін ШҚО тұрғыны әйеліне пранк жасаймын деп екі жылға сотталғанын жазған едік. Одан кейін Астанада пранк жасаған блогерлер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониториң барысында блогер мен оның екі серіктесі түсірген видеоны анықтаған. Олар тұрғын үй кешенінің лифтіне мәйітке ұқсас манекен орналастырып, адамдардың үрейін туғызатын қойылым жасаған. Сол сияқты екінші видеода бір адам лифтіге жүгіріп кіреді, екіншісі жараланған кейіп танытады, ал үшіншісі қолына балта ұстағаған. Олардың әрекеттері лифтіге кірген азаматтарды қатты шошытып, күйзеліске түсуіне себеп болған.