Марат Жыланбаев түрменің тас еденінде ұйықтауға мәжбүр – жұбайы

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Жұбайы белгілі марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың Степногор қаласындағы 167/4 түзету мекемесінде қиын жағдайда жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның сөзінше, Марат Жыланбаевты жазалау изоляторына (ШИЗО) қамаған. Онда ол суық бетон еденде ұйықтауға мәжбүр. Жеке заттары төсек орыны, сүлгі, дәрі-дәрмегі, қол сағаты, тіпті қабырға күнтізбесі де тартып алынған.

Одан бәрін алып қойды. Дәрігер жазып берген дәрілерін де бермей отыр. Газет-журналдар жетпейді. Хат жолдауға рұқсат жоқ. Тіпті сурет салуға, жүгіріске шығуға да тыйым салынған – бұлардың бәрі оған моральдық демеу болатын, – деді жұбайы редакцияға берген түсініктемесінде.

40 күндік аштықтан кейін – изолятор

Бұған дейін Жыланбаев колония әкімшілігі берген уәделердің орындалмағанына наразылық ретінде 40 күнге созылған аштық жариялап, қоғам назарын аудартқан еді. Әуелде оған спортпен шұғылдануға және шығармашылықпен айналысуға рұқсат етілгенімен, кейін бұл шарттар орындалмаған. Ұзаққа созылған аштықтың салдарынан Жыланбаевтың денсаулығы күрт нашарлаған: ас қорыту жүйесі бұзылып, әлсіздік пайда болып, ем тағайындалған. Алайда қазір тіпті қажетті дәрілер де берілмей отыр, дейді туыстары.

Ресми жауап жоқ

«Азаттық» редакциясы Степногор қаласындағы №4 мекеме басшысы Қанат Тұлақовтан түсініктеме алуға бірнеше рет әрекеттенген. Алайда қабылдау бөлімі телефон қоңырауларына жауап бермеген. Осыған байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) ресми ақпараттық сұрау жолданған. Мақала жарияланған сәтте ведомстводан жауап келмеген.

Билік жоққа шығарып отыр — отбасы талабынан қайтпайды

Жыланбаевтың отбасы мен құқық қорғаушылардың мәлімдемесіне қарамастан қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мәліметіне сүйенсек, ешқандай жеке заттар тәркіленбеген, жағдай бұрынғыша.

Таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жеке заттары алынған жоқ, – деді ҚАЖД баспасөз қызметі ресми түсініктемесінде.

Алайда Жыланбаевтың жақындары керісінше пікірде: оларға қысым күшейген, ал оның физикалық та, психологиялық та жағдайы алаңдауға негіз бар деңгейге жеткенін айтып отыр.

ЖЫЛАНБАЕВ ЖАЙЛЫ

Марат Жыланбаев – дүниежүзіндегі ең ірі шөлдерді жекелей жүгіріп өткен жалғыз адам. 2022 жылы «Ар-Бедел» қоғамдық қоры Жыланбаевты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысын қорғау бойынша сотқа берген. Кейінгі жылдары белсенді ретінде билікке ашық талабын айтып, партиясын тіркемек болған. 2023 жылдың қарашасында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жыланбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 258-бабы 2-бөлігі және 405-бабы 2-бөлігі («Сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландыру және оның қызметіне қатысу») бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қалалық соты Жыланбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды. 24 қаңтарда ол үкім жойылғанға дейін белгісіз мерзімге аштық жариялаған. Алайда 12 ақпанда денсаулығына байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болды.

Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.