"Қазақтарды қорғау керек": неміс азаматының сөзі Қазнетте талқыға түсті

Сымбат Сатыбалдина
Фото: caravan.kz

Желіде Германия азаматының қазақ халқын қорғауға шақырған видеосы талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ер адам қазақтарға бағытталған кезекті қорлау видеосына пікір білдіруді жөн көрген. Ол қазақстандықтарды қорғауға және барынша қолдауға шақырды. Айтуынша, бұл — ар-намыс мәселесі.

– Біздің қазақтарды қай жерде болсын, қорласа, қорғауымыз керек. Тіпті Германияның өзінде сондай жағдай болса да, біз оларды қорғауға, көмектесуге тиіспіз. Өйткені біз оларға қарыздармыз. Бұл — біздің халқымыздың абыройын сақтау үшін керек. Қазақтар – жарайсыңдар! Мен оларды құрметтеймін, – дейді видеодағы азамат.

ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ

Желі қолданушылары неміс азаматына алғыс айтып, оның қолдау сөздеріне жағымды пікір білдіруде. Кейбірі немістердің Қазақстанда жер аударылғанда қазақтардың көрсеткен көмегін ұмытпағанын атап өтті.

АЙТА КЕТЕЙІК

Немістерді Қазақстанға депортациялау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында КСРО-ның шекаралас аймақтарынан ұлттық азшылықтарды жаппай көшіру саясаты аясында жүзеге асқан. Атап айтқанда, 1930-жылдары Украинадан, ал 1941 жылы Еділ бойынан немістер Қазақстанға жер аударылған болатын.