Қоғам қайраткері, ағартушы, "Мазмұндама" баспасының директоры Шыңғыс Мұқан Алматы әкімі қызметінен кеткен Ерболат Досаев туралы өз ойын бөлісіп, Facebook парақшасына сын-пікір жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ол әкім жұмысына баға беруден гөрі, күнделікті өмірде қала тұрғындарына тікелей әсер ететін нақты мәселелерді атап өтті. Мұқанның айтуынша, әкім қызметінен кеткен соң артынан сөз айту орынсыз емес, керісінше, азамат ретінде пікір білдіру — әркімнің құқығы.
Оның сөзінше, Алматыда жылдар бойы шешілмей келе жатқан қарапайым инфрақұрылымдық проблемалар бар. Мәселен, Есентай өзенінің жағалауы мен әл-Фараби даңғылының астындағы көпір бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді. Сол маңдағы өрнек тастар жыл сайын жаңартылғанымен, қайтадан шашылып қалады. Бұл — қаланың орталығындағы көпшілік жүретін жердің өзі реттелмегенін көрсетеді.
— Серік Абас-шах пен профессор Асқар Жұмаділдаев сейілдейтін Есентай өзенінің жағалауы әл-Фараби даңғылының астынан өтеді. Сол бір көпірді бітіре алмай жатқанына неше жыл болды?! Одан бөлек, сол арада жоғарыға шығатын қыр бар. Жылда жөндейді. Өрнектасы жылда шашылып қалады, – деп жазды Мұқан.
.
Екінші мәселе — қала шетіндегі жолдар.
— “Мазмұндаманың” қоймасы қаланың сыртында. Абай көшесі күнде арқылы кітап тасимыз. Абай мен Райымбек ауылдарын кесіп өтіп, Айналма жолға қосылатын жолды аяқталады деп жыл сайын екі рет әуеде етеді де, екі рет кейінге қалады, — деді ол.
Шыңғыс Мұқанның айтуынша, 2 триллион теңгеден астам бюджеті бар қалада мұндай олқылықтардың болуы — ақталмайтын жағдай.
— 2 трлн теңгеден астам бюджетімен қаланы алтын жалатып қоюға болар еді. Жылына кемі 100 млн теңге салық төлеуші ретінде де айтуға қақым бар деп ойлаймын, – дейді ол.
Еске салайық, кеше, 24 мамыр күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты Алматы әкімі қызметінен босатты. Оның орнына қала басшысы болып Дархан Сатыбалды тағайындалды.
Досаев 2022 жылғы қаңтардан бері Алматы әкімі қызметін атқарды. Осы уақыт ішінде оның жұмысына қатысты қоғам белсенділері мен сарапшылар тарапынан бірнеше рет сын айтылған еді.
2024 жылғы мамырда қоғам қайраткері Санжар Боқаев Досаевтың отставкасын талап еткен жиын өткізуге рұқсат алуға тырысқан. Алайда қала әкімі ретінде бұл бейбіт акцияны өткізуге өзі рұқсат бермеді.