×
512.44
593.15
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.44
593.15
6.52

«Самұрық-Қазына» Қазақстанға қанша ақша беруге дайын – қор басшысы жауап берді

29.05.2025, 11:32
«Самұрық-Қазына» Қазақстанға қанша ақша беруге дайын – қор басшысы жауап берді
Ұлысмедиа коллажы

Ұлттық әл-ауқат қорына қатысты сарапшылар мен мәжіліс депутаттарының басты сыны – еншілес компаниялардан түсетін пайданы республикалық бюджетке жеткілікті көлемде аудармауы. Қорды тарату жөніндегі ұсынысқа балама ретінде кейбіреулер дивиденд көлемін 100 пайызға дейін көтеру бастамасын ұсынған. Алайда «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мұндай ұсынысқа қарсы екенін мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.

Astana International Forum кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі Нұрлан Жақыповтан республикалық бюджетке төленетін төлемдерді арттыру идеясы жөнінде көзқарасын сұраған.

Бұл – философиялық мәселе. Әлемдік тәжірибеде бос ақша ағынынан тұрақты пайызбен дивиденд төлеу қалыптасқан. «Самұрық-Қазына» жағдайында бос ақша ағыны – бұл еншілес компаниялар орталық деңгейге аударатын дивидендтер, — деп атап өтті қор басшысы ірі компаниялар қаржысын басқарудың негіздерін түсіндіре отырып.

Нұрлан Жақыповтың сөзінше, жаңа бюджет кодексіне сәйкес, ұлттық әл-ауқат қоры еншілес компаниялардың қызметінен түскен пайданың кемінде 50 пайызын мемлекетке аударуы тиіс. Алайда бұл көрсеткіш үкімет тапсырмасымен салынып жатқан әлеуметтік нысандарға қор жұмсайтын шығындарды есепке ала отырып белгіленеді.

Қор басшысы пайданы 100 пайыз көлемінде бюджетке бағыттау идеясын өнімсіз деп бағалады.

Теория жүзінде 100 пайыз мүмкін. Бірақ біз инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бос ақша қаражатын қалдыруымыз қажет. Қазір біз «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші кезеңін салып жатырмыз, Өскемен, Семей және Көкшетауда электр станциялары тұрғызылады. Түркістан мен Қызылордада парогаз қондырғылары бой көтереді. Алматыдағы екі жылу электр орталығын жаңғыртып жатырмыз. Газ-химия саласында да ірі жобаларымыз бар — полиэтилен өндіретін зауыт құрылысын жүргізудеміз, – деп инвестициялық жобалардың ұзын-сонар тізімін келтірді Жақыпов.

Журналист оның сөзін бөліп, бұл жобалардың әлеуметтік емес, болашақ табыс әкелетін инвестициялар екенін еске салды.

Бірақ біз табыс табу үшін алдымен қаражат салуымыз керек. Егер бәрін қазір беріп жіберсек, ертең салатын түгіміз қалмайды. Сондықтан біз мемлекетке қанша беруіміз керек – соны дамуымызды тежемейтін тепе-теңдікпен айқындау қажет, — деп түйіндеді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазынаны» тарату бастамасын көтерген еді. Алайда Нұрлан Жақыпов мұндай түбегейлі шешіммен келіспейтінін айтты. Оның пікірінше, Қор өзіне жүктелген активтерді басқару міндетін толық атқарып отыр.

Серіктес жаңалықтары