«ЭКСПО ісі» қайта қаралмайды, антикор тағы бір істі тергеп жатыр – бас прокурор

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ulysmedia.kz порталында жарияланған сұхбаттан кейін бас прокурор Берік Асыловтан "ЭКСПО ісінен" бастап елдегі саяси сипаты бар үкімдердің бәрін қайта қарауды сұраған еді. Берік Асылов депутаттық сауалға "ЭКСПО ісін қайта қарауға негіздер анықталмады" деп жауап берді.

АСЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Берік Асылов жауабында «ЭКСПО ісі» бойынша ақша жымқырғаны үшін 23 адам əртүрлі мерзімге (Ермегияев, Омаров, Пірметов, Тұматаев жəне т.б.) сотталғанын еске салады. Сотта «ЭКСПО» басқарма төрағасы Ермегияев өзі жəне жеке басы анықталмаған сенімді адамы арқылы «Rona LTD» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқаны үшін Ибадильдинадан 780 млн теңге сомасында пара алған жəне «ЭКСПО» құрылысы кезінде адамдар тобымен (Омаров, Медеуов, Син жəне басқалар, сондай-ақ анықталмаған көмектесуші арқылы) 10 млрд теңгеден аса сомаға бюджет қаражатын бірнеше рет жымқырғанын атап өтеді.

Зерделеу көрсеткендей, сотталғандардың кінəсі туралы соттың тұжырымы жан-жақты зерттелген шынайы жəне жол берілетін дəлелдемелерге негізделген. Сот Ибадильдинаның («Rona LTD» ЖШС-дан пара беруші), Тұматаевтың («Салынып жатқан спорт нысандарының дирекциясы» ЖШС директоры), Үсеновтің («ЭКСПО» құрылыс департаментінің директоры), Матайбековтің (қосалқы мердігер) айғақтарын, ақшаны беруді талқылаған фигуранттардың телефон арқылы сөйлесулерін үкімнің негізіне алған. Қаржылық бақылау мамандарының айғақтарынан, сот-экономикалық жəне құрылыс сараптамаларының қорытындыларынан «Компания АДС» ЖШС (Тлекметов, Шорманов), «Southfork ltd» ЖШС (басшысы Сейтов), Испандық «J&G Consultoria de Ferias SL» (өкілдері Син жəне Медеуов) компаниясы арқылы бағаны  негізсіз көтеру жəне орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу жолымен ақша қаражаттарын жымқыру схемасы анықталған. Пара беруші Ибадильдинаның есі дұрыс емес жəне психикалық бұзылыстар салдарынан оның айғақтары шындыққа жанаспайтыны туралы дəлелдер негізсіз. Басқа қылмыстық іс шеңберінде жүргізілген (Олимпияда дайындық орталығын салу кезінде орындалған актілерге қол қою үшін Ибадильдинаның пара беру оқиғасы бойынша 22.09.2015ж. үкім) комиссиялық сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сəйкес Ибадильдинаның есі дұрыс жəне медициналық сипаттағы шараларды қажет етпейді, – дейді жауабында бас прокурор.

Осының бәрі айта келе Берік Асылов сот актілерінің заңдылығы барлық сатыда тексерілгенін, оларды қайта қарауға негіздер анықталмағанын айтады.

ТАҒЫ БІР ІС

Асылов сонымен қатар антикорда «ЭКСПО» қаражатын жымқыру фактісі бойынша жеке басы анықталмаған адамдарға қатысты қылмыстық істің бар екенін хабарлайды. “Осы тергеп-тексеру шеңберінде іске қатысы бар барлық адамды оның ішінде шет елдегі афшорлық компанияларға ақшаны шығару фактісін анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу əрекеттері жүргізілуде” делінген жауапта.

БАПИДІҢ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛЫ

Депутат Ермұрат Бапи бұған дейінгі сауалында Ulysmedia.kz порталында бұрынғы ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының экс-орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты жарияланғанын атап өткен. Бұл азамат кезінде елдің құқық органдары мен қазақстандық медиа «жер жарған жемқорлық шырғалаңы» деп атаған «ЭКСПО ісі» бойынша 14 жылға сотталған басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен бірге 4,5 жылға қамалып, шартты мерзіммен босап шыққан.

Депутат әділет ешқашан жартыкеш болмайтынын,  «Әділетті Қазақстан» идеясын қалыптастыру үшін ақиқатты анықтайтын кез келгенін айтады. Бұл сияқты «пара беру» және «жемқорлық» желеуімен қудаланған, ал анығында, кезіндегі жеке дара билік «қолынан жетектеп апарып соттатқан» тұлғалардың қатарында – арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі – Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты істер барын айта келе, депутат Бас прокуратура бұларды да толық реаблитация жасауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептейді.