Алдағы жылдары Алматы агломерациясының тұрғындар саны 4,5 миллион адамға жетеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЛЫҚ САНЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨСІП ЖАТЫР
Соңғы 10 жылда Алматы қаласының халқы 42,8%-ға артты. 2014 жылы мегаполисте 1,6 миллион адам тұрса, 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш 2,3 миллионнан асты. Ал мегаполиске күнделікті жұмысқа келетін Алматы облысының қала мен ауыл тұрғындарын ескерсек, жұмыс күндері Алматыда 3 миллионнан астам адам болады. energyprom.kz мәліметінше, агломерацияның жалпы халқы бүгінде 3,8 миллионнан асты.
Салыстырмалы түрде айтқанда, Қазақстан бойынша жылдық халық өсімі орта есеппен 1,3–1,5% болса, Алматыда бұл көрсеткіш шамамен 3%. Ал 2022 жылы, пандемиядан кейін, қала тұрғындарының саны бірден 6%-ға артты. Сарапшылардың болжамынша, бес жылдан кейін Алматы агломерациясында 4,5 миллион адам тұрады.
ҚАУІП ПЕН САЛДАР
Халық санының жылдам өсуі қаланың физикалық мүмкіндіктерін әлсіретіп, инфрақұрылым тозуына, жолдардың жарамсыздануына және экологиялық ауыртпалықтың артуына әкеліп отыр. Автокөліктің тым көптігі жағдайды күрделендіре түсуде.
Тағы бір маңызды мәселе — еңбек өнімділігінің халық өсімімен сәйкес келмеуі. Яғни, қалаларда халық көбейгенімен, өндірістік өсім байқалмайды, оның орнына әлеуметтік кернеу артады. Мәселен, 2024 жылы Алматыда жұмыспен қамтылған халықтың тиімділігі 2019 жылғы деңгейден жоғары болған жоқ. Мұндай жағдай 2020–2022 жылдары да байқалған.
УРБАНИЗАЦИЯ
Соңғы он жыл ішінде Қазақстанда қалалық халықтың үлесі 6 пайыздық пунктке артты — 2014 жылғы 57,1%-дан 2024 жылы 63,1%-ға дейін. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың 1 мамырында Қазақстанда 12,8 миллион қалалық және 7,5 миллион ауыл тұрғыны тіркелген.
Егер урбанизацияның қазіргі қарқыны сақталса, бес жыл ішінде елдегі қалалықтардың үлесі 66%-ға дейін жетуі мүмкін.