Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының кортежі жұрттың ашуына тиді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Видео әлеуметтік желіде тарады. Бейнероликте бірнеше қара түсті көлік полицияның сүйемелдеуімен кетіп бара жатыр. Жазба авторы бұл кортеждің құрамында Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды болғанын айтады.
- Президент келгенде, бізді бұл жерге мүлде жолатпас еді, – дейді ол видеода.
ХАЛЫҚТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Желі қолданушылары қала әкімінің мұндай әрекетіне наразы болған.
- Алматы – ерекше қала. Бізге жаны ашық, жүрегі таза әкім керек. Болмаса қызметінен алып тастаймыз.
- Халық шағымдана бастапты, әкім болып ұзақ отырмайды-ау.
- Президент болса, ракетамен ұшатын шығар, ауа жетпей, дейді қазақстандықтар.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты Алматы қаласының әкімдігі жауап берді. Әкімдіктегілер жол қозғалысы ішінара шектелді дейді.
- 29-31 мамыр аралығында Алматы қаласында халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтіп, жол қозғалысы ішінара шектелді. Мұның жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысы жоқ. Алматы қаласы әкімінің жұмыс сапарлары кезінде көлік қозғалысына шектеу қойылмағанын және патрульдік көліктердің пайдаланылмайтынын хабарлаймыз, делінген жауапта.
Артынша әкімнің баспасөз қызметі кортеж қала басшысына тиесілі емес екенін хабарлады.
- “Таулы аймақта жүрген кортеждегі көліктердің бірінде Алматы қаласының әкімі болды” деген желідегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Әрі көпшілікті тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз. Сондай-ақ, қала әкімінің шаһарды аралауы кезінде көлік қозғалысына шектеу қойылмайтынын еске саламыз, дейді әкімдік өкілдері.
ТАҒАЙЫНДАУ
Дархан Сатыбалды 24 мамырда Алматы әкімі болып тағайындалды. Ұлысмедиа тілшілері Алматы әкімінің отбасы қандай кәсіп түрлеріне иелік ететінін жазған болатын.