“Ашық-жарқын адам еді”: Алматыда жантүршігерлік жол апатында жас мұғалім мерт болды

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

28 мамырда Алматы - Бішкек тасжолында КамАЗ-дың тіркемесі ажырап, жол апаты болды. Салдарынан төрт адам қаза тапты. Оның ішінде алматылық жас мұғалім де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қайғылы оқиға туралы QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінің директоры Аятжан Ахметжанұлы жазды. Жол апатында қаза тапқандардың ішінде  лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Махаббат Нұрлыбекқызы бар. 

- 30 мамыр еңбек демалысына шығып ауылға барамын деп дайындалып жүрген. Өкінішке қарай, 28 мамыр Алматы маңында көлік апатынан көз жұмды. Отбасы, мектеп әкімшілігі 3-4 күн іздедік, бірақ, денесі моргтен табылғаны еңсені езіп кетті. Ашық жарқын, мақсаты анық қыз еді. Жаздай дайындалып IELTS тапсырып, жалғасты оқимын деп жүр еді. Оқу жылының соңын аяқтады да кете барды. Бүгін ағасы денесін туған жері Аралға алып қайтты. Тағы да сол өзгенің қателігінен бір қыршын көз жұмды. Тіркемесінен ажыраған камаз көлігі әріптесіміз мініп бара жатқан таксиді жаншып, барлық адам сол жерде көз жұмған. Ата-анасына, туған туыстарына, ет жақындарына ұжым атынан қайғыра көңіл айтамыз! Алла сіздерге сабыр берсін, деп жазды Аятжан Ахметжанұлы. 

ЖОЛ АПАТЫ ТУРАЛЫ

Еске салайық, жантүршігерлік жол апаты 28 мамыр күні сағат 18:00 шамасында болды. Алматылық полиция департаментінің мәліметінше, КамАЗ жүк көлігінен ажырап кеткен тіркеме салдарынан төрт адам өмірімен қоштасты.

Алдын ала полиция мәліметінше, жүк көлігін Түркістан облысының тұрғыны жүргізіп келе жатқан. Белгісіз себеппен қозғалыс кезінде оның тіркемесі ажырап кетіп, қарсы жолаққа шығып кеткен. Сол жерде Geely автокөлігімен соқтығысып, ал Geely инерциямен KIA Sportage көлігіне соғылған.