Моңғолия премьер-министрі ұлы мен келінінің сән-салтанатты өмір салтына байланысты шыққан даудан кейін қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Моңғолияның премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ ұлы мен келінінің люкс дүкендерден жасаған саудасын көрсеткен суреттер әлеуметтік желіде тараған соң қызметінен кетті. Бұл жағдай қоғамда жаппай наразылық туғызып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеуге және жаппай шерулерге себеп болды.
2025 жылы 3 маусымда парламент Оюун-Эрдэнэге сенім вотумын білдіруден бас тартты — дауыс берген 88 депутаттың тек 44-і оны қолдады. Қызметін сақтап қалу үшін оған 126 депутаттың кемінде 64-інің қолдауы қажет болатын.
ДАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ
Даудың басталуына премьердің ұлының қалыңдығы Instagram желісінде жариялаған туған күнін тойлап жатқан суреті себеп болды. Ол қара түсті Dior сөмкесін ұстап тұрған суретке «Туған күніммен!» деп жазған. Басқа кадрларда жас жұп люкс сауда пакеттерімен түскен және курорттық жерде бассейнде сүйісіп тұрған. Елдегі экономикалық қиындықтар мен жұмыссыздық жағдайында бұл көріністер халықтың ашу-ызасын тудырды.
Жүздеген жас көшеге шығып, премьер-министрдің отставкасын талап етті.
Мемлекеттік және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемелер Оюун-Эрдэнэ отбасының қаржысын тексеруді бастап кеткен. Премьердің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып, жала деп атады.
Оюун-Эрдэнэ қызметінен кетуі Моңғолияда кейінгі жылдары жиілеп кеткен жемқорлық жанжалдарының тағы бірі болды. Бұған дейін, 2024 жылы АҚШ прокуратурасы Моңғолияның бұрынғы премьер-министрі Сухбаатарын Батболдтың Нью-Йорктегі элиталық мүлкін тәркілеуді талап еткен. Батболдқа тау-кен қорларынан заңсыз қаржы иемденді деген айып тағылған. Ол бұл айыптарды жоққа шығарған.