Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов сенат отырысында қазақ тілінде қойылған сұрақтарды екі рет түсінбей қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенат отырысында депутаттар «Аумақтық қорғаныс туралы» заң жобасын мақұлдар алдында талқылаған. Құжатқа жауапты қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдиновке талқы барысында сенаторлар бірнеше рет сұрақ қойған, алайда Камалетдинов олардың кейбірін бірден түсінбей қалды.
«ТОЛЫҚ ТҮСІНБЕДІМ»
Талқылау кезінде қазақ тілінде сұрақты сенатор Бекболат Орынбеков қойды. Камалетдинов қазақша жауап беруге тырысса да, сұрақтың мәнін толық түсінбегенін мойындады.
Мен сұрақты нақтылап алғым келеді. Өйткені толығымен түсінбедім, – деді қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Сұрақты сенат спикері Мәулен Әшімбаев түсіндіріп берді.
Мәселе мынада, сіздер аумақтық қорғаныс шеңберінде белгілі бір міндеттерді орындау үшін еріктілерді қабылдайсыздар. Бұл еріктілердің ішінде, тіпті, кейбір психикалық ауытқуы бар азаматтар да болуы мүмкін. Сіздердің базалық деректеріңіз бен денсаулық сақтау министрлігінің деректері біріктіріле ме деген сұрақ бар. Екінші бөлімінде – ерікті мен волонтердің айырмашылығы неде? – деп түсіндірді Әшімбаев.
Камалетдинов былай деп жауап берді:
Қазір денсаулық сақтау министрлігімен осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Денсаулық жағдайы туралы ақпарат болады. Айырмашылық бар (волонтер мен ерікті арасында – ред.). Еріктілерге әскери қызметшілерге берілетін мәртебе беріледі. Әр түрлі жарақат алған жағдайда, олар да әскери қызметшілер сияқты тиісті төлемдер алады.
«СҰРАҚТЫ ТАҒЫ НАҚТЫЛАҢЫЗШЫ»
Қазақ тіліндегі сұрақты сенатор Бауыржан Қаниев қойды. Камалетдинов ол сауалды да түсінбей қалды.
Мүмкін болса, тағы бір рет сұрақты нақтылап берсеңіздер, – деді қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Бұл кезде Әшімбаевтің жүзіне күлкі үйірілген еді.
Мен мұнда аудармашы болып жұмыс істеп отырмын-ау (зал күліп жіберді – ред.). Сұрақтың мәні – еріктілер жасақтары қалай құрылатыны жайлы болды. Мүмкін еріктілер есепке алынатын бола ма? Командирлер кім және оларды қалай дайындайды? Олар әскери адам бола ма? – деп түсіндірді сенат спикері.
Камалетдиновтің сөзінше, еріктілердің есебі жүргізілмейді.
Заң қабылданғаннан кейін осы еріктік құрамдарды дайындауға арналған нормативті құжат шығады. Еріктілер бұл шараларға тартылмайды. Дайындық жұмыстарын командирлер жүргізеді. Негізінен олар әскери қызметте тәжірибесі бар адамдар, – деді Камалетдинов.
ДЕПУТАТҚА ОРЫСША СҰРАҚ ҚОЙҒЫЗҒАН ШЕНЕУНІК
Депутат Ринат Зайыт кеше қазақ тіліне шорқақ денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ержан Нұрлыбаевқа сұрақ қойған. Бірақ мардымды жауап ала алмай, сұрақты орыс тілінде қоюға мәжбүр болған. Мұны естіген мәжіліс депутат Ерлан Қошанов Ринат Зайытқа "орысша сайрайды екенсіз ғой, Ринат Рифхатұлы" деп депутаттарды күлдірді.