Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов Батыс Қазақстан облысына құлаған ұшқышсыз ұшу аппараттарына (дрондарға) жайлы журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, құлаған дрондар Ресейге тиесілі.
Бұл – өзекті мәселе екені рас. Біз бұл туралы бірнеше рет түсініктеме бердік, тергеу жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Батыс Қазақстан облысының аумағынан табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 90 пайыздан астамы Ресей Федерациясының 926-басты ұшу-сынақ орталығы пайдаланатын сынақ полигоны шекарасында құлаған. Бұл – солардың полигоны, әрі оған тиесілі әуе кеңістігі де осы орталықпен пайдаланылады, – деді Камалетдинов.
КІМ ҰШЫРДЫ
Мен айтып тұрмын ғой – бұл Ресей Федерациясы. Олар өздерінің БПЛА-сын сынақтан өткізіп жатыр, – деп қысқа қайырды ол.
КОНТЕКСТ
Ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан мен Ресей шекарасының маңында төрт дрон құлаған.
Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров бұл бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлап, жағдайға түсініктеме берген. Ал қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев та тұрғындарды алаңдамауға шақырған.