«Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой»: Жымпитыда ыс тиіп қаза болған бес бүлдіршін жерленді

Ulysmedia

Батыс Қазақстан облысына қарасты Жымпиты ауылында ыс тиіп, қаза болған бір отбасының бес бірдей баласы бүгін жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz .

“БАЛАНЫ ОТҚА ЖАҒАЙЫН ДЕП ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН ЖОҚ ҚОЙ”

Жақындары мен көршілерінің айтуы бойынша, отбасы ауылда пәтер жалдап тұрған. «Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой» деді  Ulysmedia.kz  тілшісі сөйлескен қара жамылған отбасы туыстарының бірі.  

Бес төмпешік болып қалды да барды. Бір күннің ішінде мінекей. Бесеуі бірдей әке мен шеше аңырап қалды. Жағдайы, үйі жоқ, күйі жоқ адам қандай болады. Көмек болғанда сол ғой енді. Басқа не бар айтатын, – деді ол.   

“БАЛАБАҚШАҒА ӨТІНІШ БЕРГЕН ЖОҚ”

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов көпбалалы отбасы ретінде мемлекет тарапынан көмек алып отырды дейді. Оның сөзінше, отбасы балаларды балабақшаға тұрғызуға қатысты өтініш бермеген. 

Балабақшаға өтініш бермеген. Оны анасынан сұрайсыз. Себебі біз оны қарадық. Базаға бірде-бір өтініш бермеген... Қазір байқаған боларсыз, әрбір баланың арасы бір жастан негізінен. Анасы енді үйде отыр ғой былай қарап тұрғанда, – деді аудан әкімі. 

ӨРТЕНГЕН БҮЛДІРШІНДЕР

4 маусымда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында бір отбасының бес бірдей баласы ыс тиіп қаза болғаны туралы хабар тараған. Үйдің ішінде 30 шаршы метр жер өртенген. Балалар ыстан есінен танып қалған. Ауруханада көз жұмған. 

Қаза болған балалардың ең үлкені 6 жаста болған. Қалғандары 2020, 2021, 2023 және 2024 жылы туылған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болғаны айтылған.

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. 2019 жылы ақпанда Астананың шетіндегі Көктал-1 елді мекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмған. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен. Қоғамдық резонанстан кейін қаралы отбасына үй берілген. 2024 жылы қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған. Ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала көз жұмған.