2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың зейнетақы жинағы “үнсіз келісім” бойынша түсетін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жекеменшік зейнетақы қорларына қарағанда төмен кірісті көрсеткен. Мемлекеттік қордың табысы неге аз болғанын Ұлттық банк түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕМЛЕКЕТ НАШАР ИНВЕСТОР МА
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда қазір бес жекеменшік және бір мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істейді. Әдетте азаматтардың барлық зейнетақы аударымдары автоматты түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) түседі. Алайда белгілі бір ең төменгі шекке жеткен жинақ иелері артық қаражатын жекеменшік зейнетақы қорына ауыстыруға құқылы. Қорлардың есептеріне қарағанда, БЖЗҚ – Қазақстандағы жинақтаушы қорлар ішіндегі ең төмен кірістілікті көрсеткені байқалады.
Былтырғы жылдың қорытындысында біз орташа көрсеткіш көрсеткен едік, ал биыл жекеменшік қорлар жоғары кірістілік танытып отыр, – деп қазіргі жағдайды мойындады Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
ТРАМП ПЕН ӨЗГЕ ДЕ ФАКТОРЛАР
Алайда Сүлейменов БЖЗҚ-ның төмен табысын жекеменшік басқарушылардың біліктілігімен емес, басқарудағы қаражат көлемімен байланыстырады.
БЖЗҚ-да 22,8 триллион теңге жинақталған. Ал қалған жекеменшік зейнетақы басқарушылардың иелігінде бар болғаны 60–70 миллиард теңге бар. Елестетіп көріңіз: қандай да бір қаржы құралынан шығу, белгілі бір позицияны жабу немесе ашу – мұның бәрін 23 триллион теңгемен жасау бір басқа, ал 2–3 миллиардпен басқару мүлде басқа. Әсіресе, қазіргі нарық АҚШ президенті Трамптың жаңа саясаты мен сауда шектеулері сияқты белгісіздіктерден бұлғақтап тұрған кезде. Қаражат көлемі аз қорлар жағдайға тез бейімделе алады. Сондықтан біз жекеменшік зейнетақы қорларының дамуын құптаймыз, – деді Сүлейменов.
Соған қарамастан ол БЖЗҚ-ның кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары екенін атап өтті. Бұл дегеніміз – қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының нақты құны төмендеп жатқан жоқ.