Грузия билігі шетелдіктердің елге кіру тәртібін күшейтпек

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Грузия парламенті елде шетелдіктердің тұру тәртібін күшейтуге бағытталған жаңа түзетулер топтамасын дайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы биліктегі «Грузин арманы» партиясының атқарушы хатшысы Мамука Мдинарадзе арнайы брифинг барысында хабарлады.

ЗАҢ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ

Жобаға сәйкес, Грузия қылмыстық кодексіне жаңа жаза түрі енгізілмек – шетел азаматын елден шығару және оған белгілі бір мерзімге елге кіруге тыйым салынады. Бұл шара миграциялық режимді бұзу фактілері анықталған кезде қолданылатын ресми құқықтық рәсімнің бір бөлігіне айналады. Елден шығарып жіберуден бөлек, елде болу ережелерін бұзған шетелдіктерге салынатын айыппұл көлемін арттыру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, Грузия аумағында заңсыз жүрген адамдарды депортациялау рәсімі жеңілдетілмек. Билік өкілдерінің пікірінше, бұл шаралар заңсыз миграция жағдайларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, сәуір айында Грузияның Ішкі істер министрлігі осыған ұқсас бастамаларды ұсынған болатын. Ол кезде халықаралық қорғау жүйесін реформалау және босқын мәртебесін алу рәсімін теріс пайдалану әрекеттерімен күрес туралы сөз болған.