Майғазиевтің ұлының тойын көру – 1380 теңге: салықшылар әншіге ескерту жолдады

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Әнші Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын көргісі келетін халықтан ақша жинағаны үшін салық төлеуге міндеттеледі. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, салық төлеушінің салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер бойынша салықтық міндеттемелері оның заңды нысанына, қолданылатын салық салу режиміне және салық салу объектілерінің болуына байланысты.

“КӘСІПКЕРЛІК БОЛЫП САНАЛАДЫ”

Сәкен Майғазиевтің жағдайында онлайн-іс-шараға (онлайн-тойға) қатынау үшін 1380 теңге көлемінде ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып табылады.
Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер (ЖК) немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол алынған табысты декларациялап, қолданылатын салық салу режиміне байланысты жеке табыс салығын төлеуге міндетті:

  • шағын бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі қолданылған жағдайда – 3%;
  • ЖК үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі кезінде – 10%;
  • заңды тұлғалар үшін – 20%.

Мұндай салық салу тәртібі салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру саласында қызмет көрсететін субъектілерге де қолданылады. Бұған мейрамханалар мен банкет залдары (тамақтандыру және орын-жайларды жалға беру қызметтерін көрсететін), сондай-ақ жүргізушілер (тамада), әртістер, музыкалық және би ұжымдары, іс-шараларды өткізу шеңберінде қызмет көрсететіндер жатады.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, бұған дейін Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын көргісі келетін халықтан ақша жинап жатқанын жазған едік. Бұл туралы ақпарат әуелі Threads желісінде пайда болды. Ұлысмедиа тілшілері бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді. Әнші белгілеген сілтемеде расында 1380 теңгеден жинап жатқанын анықтадық.