“Олардың екінші мүмкіндігі бар”: Трамп тағы да Иранды келіссөзге шақырды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы эскалация жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Израиль әскерінің Иран аумағындағы әскери нысандарға әуе операциясын бастағаны туралы мәлімдемесінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға бағытталған екі жазба жариялады.

«Екі ай бұрын мен Иранға 60 күн ішінде келісімге келу туралы ультиматум қойдым. Олар солай етуі тиіс еді! Бүгін — 61-күн. Мен оларға не істеу керектігін айттым, бірақ олар істей алмады. Енді, бәлкім, екінші мүмкіндік бар шығар!» — деп жазды Трамп.

Бұған дейін ол Иранға қайта-қайта келісімге келу мүмкіндігін ұсынғанын, алайда олардың соны пайдалана алмағанын мәлімдеген.

«Мен оларға ең қатал сөздермен: “Жай ғана келісімді жасаңдар” дедім. Бірақ қанша тырысқанымен, қаншалық жақындағанымен — оларда ештеңе шықпады.

Мен ескерттім: бәрі олардың білетінінен, күткенінен әлдеқайда қиын болады.

АҚШ — әлемдегі ең мықты әрі ең қауіпті әскери техниканы шығарады, бұл — сөзсіз.

Ал Израильде ондай техника бар — әрі бола береді. Олар оны қолдана да біледі», — деп жазды Трамп.

ЖАҒДАЙ НЕГЕ УШЫҚТЫ

Израиль қорғаныс армиясы өткен түнде Ирандағы әскери нысандарға қарсы әуе операциясы басталғанын хабарлады. Израиль Иранға ультиматум қойып, ядролық нысандарға жасалған шабуылдарға жауап бермеуді ескерткен.

ҚР СІМ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Израильде жүрген Қазақстан азаматтарына мынадай ескерту жасады. Елшілік тыл қолбасшылығының нұсқауларын орындап, қауіпсіздік шараларын күшейтуге, жағдайды қадағалап отыруға шақырады.