Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданында қара қоңыздар қаптап кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жазды.
- Дабыл! Маңғыстау облысы, Бейнеу халқының мазасы кетті. Себебі соңғы күндері көшелерді, ғимараттарды осындай қоңыздар басты. Әрі күн өткен сайын көбеюде. Ал жергілікті билікте әзірге үн де, әрекет те жоқ. Мәселені шұғыл қолға алмаса, жағдай ушығайын деп тұр, – дейді депутат.
ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК НЕ ДЕЙДІ
Ұлысмедиа тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облысының әкімдігінен жауап алды. Әкімдік өкілдері қоңыздардың зияны жоқ және ол табиғи құбылыс дейді.
- Қара қоңыздың ғылыми атауы – Tenebrionidae. Бұл тұқымдасқа 15 000-ға жуық түр жатады. Қара қоңыздар адам үшін зияны жоқ тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ, олардың жаппай таралуы эстетикалық және санитарлық тұрғыдан қолайсыздық туғызып, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудыруда. Бұл – табиғи-климаттық жағдайлардың әсерінен туындап отырған құбылыс, – дейді әкімдік өкілдері.
ТҰРҒЫНДАР НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК
Әкімдік өкілдері тұрғындарды аудандағы фитосанитариялық жағдайды ҚР ауылшаруашылық министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция (Фитосанитария) қадағалап бақылайды деп сендірді.
- ҚР өсімдіктерді қорғау заңына (14-5) сәйкес жеке және заңды тұлғалар зиянды организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеу керек деген,яғни әркім өз аумағын таза ұстауға міндетті. Ал енді ауыл тұрғындарына айтатын болсақ заңда айтылғандай жекеменшік өз аулаларын, жер телімдерін таза ұстауға, зиянды организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеу керек, сол үшін әрбір жеке тұрғындар қара қоңызды өздері фитосанитариялық шараларды ұйымдастырып жоюы керек. Ол үшін дезинфекция жасайтын мекемелерге хабарласу керек, – дейді Маңғыстау облысының әкімдігі.